Ауғанстандағы 10 жылға созылған сол соғыстың жарасы әлі күнге жазылмайтыны белгілі. 15 ақпан күні Кеңестер Одағының әскері ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толады.
Облысымыз бойынша сол жылдары әскерге шақырылған жас жігіттердің ішінде Ауған жеріндегі қанды қасапқа Гурьев облысынан 536 адам, ал біздің ауданнан 89 жігіт аттанды. Өз ауданымыздағы жағдайды ой елегінен өткізсек, сол ауған соғысының ардагерлерінен арамызда 30-дан астамы ғана қалды. 3 жауынгер ерлікпен қаза тапты.
Бауыржан Мәжитұлы Бегәлиев мектепте жақсы спортшы атанады. 1984 жылы көктемде әскерге шақырылған ол 6 ай оқу батальонда болып, қарашаның 11-і күні Ауған жеріне келіп түседі. Жүргізушілік мамандығы бар ол әскер, қару-жарақ, азық-түлік тасып, берілген тапсырманы абыроймен орындап, алғыс хаттармен марапатталады. 1985 жылдың 11 сәуір күні біздің әскери колонна арнайы тапсырмамен тау шатқалында келе жатқанда дұшпандардың бораған оғына тап болады. Бауыржан да өзге қаруластары сияқты автокөліктен түсе сала, жауды атқылай бастайды. Шамалыдан кейін көмек күш те келіп жеткен екен. Бірақ, біздің Бауыржан атыс үстінде жаудың оғынан шейіт болып кетеді.
Айнагүл Шакупова