Еріктілік – жүрек қалауы

(0 Votes)

«Қазіргі сәтте еріктілік бір уақытты бос өткізу немесе жұмысы жоқ адамның еріккен ісі» деген ойдан алшақ болу керек дейді еріктілікке жүрек қалауымен келген «Құрманғазы волонтерлер корпусының» мүшесі, «Халық банкі» АҚ Атырау облыстық басқарамасы,. Құрманғазы аудандық филиалының аға менеджері Мұрадым Мұзафар. Ол  Еріктілер жылы өзін қайырымдылыққа жетелегенін алға тартады.

- Мен үшін 2020 жылдан бастап өмірлік ұстанымым. Осы уақытта мамыр айында құрылған «Құрманғазы волонтерлер корпусына» мүше болдым. Қиналғанға қол созудың жай ғана шара емес, әр адамның парасаттылығы екенін ұқтырды. Ең алғашқы қайырымдылық шараны 1 маусым балалар күніне орай ерекше балаларға ұйымдастырдық. Әртүрлі концерттер, іс-шаралар өткіздік, тәттілер тарту еттік, балғындардың жүрегіне жылулық, жүзіне шаттық сыйлауға тырыстық. Сондағы  өрендеріміздің шынайы күлкісі маған еріктілік жолында үміт отын сыйлады. Бұдан кейін елдегі пандемиялық ахуал кезінде де біршама жұмыстар атқардық. Бетперде тігіп, тұрғындарға тегін тараттық. Сонымен бірге, бастапқыда оттегі баллонының жетіспеушілігіне орай ауруханада дем жетпей қиналып жатқан науқастарды осы аппаратпен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлермен бірлесіп қаржы жинап, оның бірнешеуін сатып алдық. Волонтерлер корпусы аудандық жастар ресурстық орталығымен бірге тазалық акцияларына да атсылысып келеді. Жалғызбасты қариялардың ауласын тазалап, тұрмысқа қажетті заттарын алып беруге тырысамыз. Күні кеше ауданымызда қатты желдің салдарынан көше бойындағы электр бағандары құлап, тұрғындар жарықсыз қалған болатын. Оны жөнге келтіруге «Атырау Жарық» мекемесінің қызметкерлері кірісті. Ызғарлы күні көшеде жұмыс жасап жатқан ағаларымызға белсенділер болып ыстық шай мен бауырсақ таратуды қолға алдық. Мен үшін көмек көрген адамның маған деген алғысы, үлкендеріміздің ақ батасынан артық бақыт жоқ. Игі істердің аясында ұйымдастырылған әрбір шарадан кейін қоғамға қажет екенімді, менің де осы ортадан ойып аларлықтай орнымның бар екенін жақсы түсінемін.

72ed0175-700c-4af7-adee-9d804033cc48

Жалпы, волонтерлікті қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыс деп санаймын. Еріктілер жылы аяқталғанмен, бүгінге дейін оларды қолдау, жаңа мүмкіндіктер беру жалғасын тауып келеді. Менің ойымша, осындай шаралар мектеп оқушыларын да ынталандырады, кейін студент атанғанда олар да еріктілікке жан қалауымен кіріседі. Өз басым, бүгінгі қоғамға қамқорлық жетіспейді деп ойлаймын. Көпшіліктің туғаны, жақыны болмаса, бейтаныс адамға көмектесуі қиын екені жасырын емес. Ал еріктілік сол адамдардың көңіліндегі мұзды жібітіп, жанашыр болуға жетелейді. Еріктілік қазір барлық жағынан қарқынды дамып жатыр. Көбіне әлеуметтік салаға ғана жіті назар аударылған. Бұдан бөлек, экологияны қорғау саласын да дамыту қажет – дейді өз ойымен бөліскен ерікті Мұрадым Уәлитханұлы.

 

Айнагүл Шакупова      

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT