Еріктілер тобы ерекше балаларды қуантты

(0 Votes)

Жақсылық жасау – имандылықтың, парасаттылықтың, тәрбиеліліктің, айқын көрінісі десек, «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі әлі де жалғасып келеді.

«Бала – өмірдің гүлі, біздің болашағымыз» деген ұстанымды алға қойған біздің қоғамымыздың жанашыр адамдары көптеген игілікті істер атқаруда. Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай жылдағы дәстүрге сай «Біз біргеміз» еріктілер тобы Жұмекен ауылындағы «Дельфин» кафесінде ерекше балаларға арнап мерекелік дастархан жайды. Оған 30-дан астам ерекше бала ата-анасымен бірге қатысты.

Алдымен топ жетекшісі Тілекші Аболова қош келдіңін айтып: - Балалар аңғалдығымен, бал қылығымен тәтті ғой. Тағдыры сынға алған ерекше балғындарды қарап, тәрбиелеу, өнер үйретіп, өмірге бейімдеу аса жауапкершілік жүктеумен қатар, зор төзімді талап етеді. Сондықтан сабырлықпен, табандылықпен перзенттеріне күтіп жасап отырған батыр аналарға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Бүлдіршіндердің мәз- мейрам болған күлкілерін, олардың қуанышын көріп, біз қуанып отырмыз - дей келе, бүгінгі іс-шарада балалар мен ата-аналарды мерекелік сыйлықтар күтіп тұрғанын қаперге берді. Думанды кеште кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды.

Аниматорлар балалармен бірге би билеп, ән шырқады. Аналар үшін де қызықты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сылықтар таратылды. Ортаға дәмді торт әкелініп, тәттілер ұсынылды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Әнуарбек Сәбитов мерекелік көңіл күй сыйлап жатқан еріктілер тобының мүшелеріне зор ризашылығын жеткізіп, жетекшісі Тілекші Аболоваға алғыс хаты мен естелік сыйлығын ұсынды.

Мерекелік іс-шара соңында ата-аналар мен балалар естелік суретке түсіп, жақсы көңіл-күйде тарқасты. Осындайда басқаға көмек қолын созуға дайын жандардың барын көріп, көңілге қуаныш ұялады.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT