Ерікті болу – ізгіліктің белгісі

(0 Votes)

5 желтоқсан яғни бүгін – Еріктілер күні. "Волонтерлік" ұғымы латын тілінен аударылғанда – voluntarius "ерікті" мағынасын білдіреді. Волонтерлер (еріктілер) алуан түрлі қызмет үлгісін көмек ретіндегі көрсетеді. Қызмет тегін жүзеге асады. Кез келген адам еркіне қарай волонтер бола алады. Егер өзіңіз не серігіңізбен айналадағы қоқысты жинасаңыздар, экологиялық волонтерлік деп атауға болады. Демек волонтерлық қызмет – елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық және экологиялық дамуына әсер ететін күш.

Адал ниеті және отансүйгіштік қасиетімен өзгеге қол ұшын созу, төтенше жағдай кезінде алдыңғы қатардан табылу, халыққа гуманитарлық көмек үйлестіру, қараусыз қалған жануарларға пана табуға жәрдемдесу секілді істің басы-қасында жүретін осы – волонтерлер. Есеппен емес, қоғамға әлеуеті жеткенше көмектескендердің еңбегі ескеріліп, назардан тыс қалған емес. Себебі 2024 жыл ТМД елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп жарияланды.

Аталмыш бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бішкектегі Достастық мемлекеттер басшыларының кеңес отырысында құптады. Президент өз сөзінде еріктілердің ізгі амалдары қоғамда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына үлес қосатынын, сондай-ақ мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті. Одан бөлек Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды. Кейін ТМД елдерінің Үкімет басшылары Мәскеуде бас қосып, іс-шаралар жоспарын белгіледі.

Оған дейін Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өтті. 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлік қызметті дамытудың жол картасы қабылданды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Бұған волонерлік ұйымдардың өсу динамикасы дәлел. Соңғы үш жылда ерікті ұйымдардың саны үш есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсті. Ал, белсенді волонтерлер саны 5 есе өсіп, 50 мыңнан 240 мыңға дейін жетті. Елімізде 700-ге жуық волонтерлік ұйым 1000-нан астам бастамашыл топ және 1000-нан астам «Күміс волонтер» бар. Qazvolunteer.kz онлайн платформасы іске қосылып, оған 59 мыңнан астам белсенді волонтер және 3,5 мыңнан аса ұйым, мыңнан астам жоба тіркелген. Елімізде 20 өңірлік волонтерлер фронт-офисі жұмыс істейді. Осы жоба аясында бүгінде волонтерлік топтар, ұйымдар топтастырылып, оларға ұйымдастырушылық, ақпараттық, ресурстық қолдау, консультациялық көмек көрсетіледі. Арыс қаласындағы жарылыс, Абай облысындағы өрт, Екібастұздағы төтенше жағдай және Түркиядағы жер сілкінісі сияқты оқыс оқиғалар кезінде жылдам әрекет етіп, дереу қолдау білдірген еріктілер болған. Қызмет жолын волонтер болудан бастаған қаншама жас бар. Мектеп оқушысынан бастап қарияға әрқашан қол ұшын созуға ұмтылып тұратын волонтерлер бойына мейірімділік, адамгершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді жинаған.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың біліктілігімен, білімділігімен, ауызбіршілігінің мығым болуымен талай істер атқарылып жатқандығының куәсі болудамыз. Әсіресе, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін ерікті жастардың өнегелі істерін атап өтпеске болмайды. Олардың бұл істері қолдау тауып, 2016 жылы 22 желтоқсанда өткен Сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданды.

Заңда еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын – компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау деп атап көрсетілген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар қауымына қаратып: «Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деген баға берді. Жастарды бұлайша бағалаған Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы да ерікті жастарға үлкен серпін беріп, сенімнің үдесінен шығуға өз әсерін тигізуде.
Тосыннан келген індеттің алдын алу үшін елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста да ерікті жастар өздерінің белсенділігін одан әрі арттыра түсті. Ауданымызда да ерікті белсенді жастардың қатары көбейіп, олар өз кезегінде көмекке мұқтаж азаматтарға көмек қолын созып келеді.

«Жалпы, еріктілік қанымызға сіңген қасиет саналады. Сондықтан біз қайтарымсыз қызмет етуге, игі амалдарды жасауға жанымыз жақын тұрады. Ал мен үшін бұл – өмірімнің бір бөлшегі. Өзгелерге көмектесіп, олардың алғысын алу шын бақыт сыйлайды. Волонтер болу – алдымен қоғамды сәл де болсын өзгертуге қадам. Әр адам өмірден негатив көре бергенше, “менің қолымнан не келеді?” деп сұрақ қойғаны жөн. Күніне бір сағат қоғамға тегін жұмыс істеу - әр адамның азаматтық борышы болуы керек деп ойлаймын. Иә, тегін жұмыс істесеңіз де, кейін жинаған тәжірибеңіз сізге екі еселеніп көмектеседі. Қазақта «оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін» деген жақсы сөз бар. Еріктілер істеген істерін жариялап, көпшіліктің көзіне түсуді мақсат тұтпайды. Тек, туған өлкемізді түлетуді, ауылымыз үшін қызмет етуді және көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды көздейді» дейді бізге берген сұхбатында аудандық волонтер Тілекші Аболова.

Иә, жан-жағына жанашырлық танытып, волонтерлық қызметте жүрген жастардың алға қойған жоспарлары көп. Ерікті болу – ерлікпен тең. еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғамның дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге деген дағды қалыптасса, алынбайтын асу болмайды.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT