Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Сондықтан, оларға қолайлы орта қалыптастырып, толыққанды білім алуына жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.
Қайырымдылық жасауды өздерінің төл міндеттері санайтын «Әскер Мұнай» ЖШС мекемесі Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының арнаулы сыныбына балалардың қол моторикасын, танымдық, сенсорлық қабілетін дамытуға арналған құрал-жабдықты сыйға тартты. Құны 800 мың теңге тұратын құрылғы енді ондағы 58 ерекше балаға өз қызметін көрсетеді. Ізгілікті істің басы қасында жүрген «Әскер Мұнай» ЖШС Атырау облысы бойынша филиал директоры Абай Утепов мекеменің басқарушы директоры Валентин Ивановтың атынан сәлемдемесін жеткізіп: - Балғындардың бәрі бірдей, бейкүнә екенін ұмытпауымыз қажет. Олардың ерекше болуы – тағдыры деп қабылдап, балалардың бақыты үшін қоғам болып қол созғанымыз абзал, - дей келе, биылғы «Балаларды қорғау» жылына тарту еткен заманауи құралдың игілігін көруді тіледі. Білім ошағының директоры Руслан Амангелдіұлы арнаулы сынып балалардың ой-өрістерін қалыптастырып, білімге құштарлықтарын оятатын материалдық базамен толығып жатқанын тілге тиек етіп, шарапатты істі жүзеге асырып жатқан жомарт жандарға үлкен ризашылығын білдірді.
Айнагүл Шакупова