Жастық шақ кезімізде 1-май, 9-май парадтарында орден-медальдары жарқырап самсап тұратын соғыс ардагерлерінен де бірен-саран адам қалды, бүкіл Атырау облысында 2-ақ адам!
Қазір Ұлы Отан соғысы туралы әртүрлі пікір айтылатыны жасырын емес: "кім үшін, не үшін соғысты", "қай режимді қорғады олар", "неге Ұлы Отан соғысы деп атаймыз" деген сияқты!
Қалай айтсақ та, өткен сұрапыл соғысты қай саясат тұрғысынан бағаласақ та, олардың Елге, Жерге деген сүйіспеншіліктерін, патриоттық сезімдерін, жанқияр ерліктерін ешкім жоққа шығара алмайды!
1460 күн-түнге созылған қанды шайқастардан аман оралған қай жауынгерден сұрасаң да, олардың айтатыны: "бар арман - туған елге оралып, топырағын бір сүю болды".
Соғыста 27 миллионнан астам боздақтың қаза тапқанын ескерсек, Отанын қорғап, елге аман-есен оралған олар өздерін шын бақытты адамдар ретінде сезінді, ауыр жарақаттарына, әлсіз денсаулықтарына қарамастан елдің экономикасын көтеруге, тұралаған шаруашылықтарды қалпына келтіруге аянбай ат салысты, мемлекеттік мүлікке қол сұғу, ұрлау-жырлау деген оларға мүлдем жат қылық еді.
Солардың бірі - менің әкем Ақпанов (Арыстан ұлы) Бақтығали болды. 1942 жылдың майынан 1945 жылдың сәуіріне дейін тұрақты әскер қатарында Старая Русь, Смоленск, Курск шайқастарына қатынасып, ауыр жарақат алып елге 1946 жылдың аяғында оралды, одан кейін зейнеткерлікке дейін кеңшарда еңбек етті.
Анам Үлмекен екеуі бақытты өмір кешіп, екеуі де 1990 жылы дүниеден өтті.
Қымбатты әке-ана, топырақтарың торқа, имандарыңыз жолдас болсын! Ұрпақтарыңыз Сіздерге мәңгілік қарыздар, Сіздер олардың естерінде мәңгілік сақталатын боласыздар!
Мөкен Ақпанова,
Орлы ауылының тұрғыны