Ауданымыздың абзал азаматтарының бірі, саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, екінші дүниежүзілік соғыс пен ішкі істер саласының ардагері, полиция подполковнигі Батырғали Мұқашевтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай майдангер тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды.
Оған аудан басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл тұрғындары, майдангердің ұрпақтары қатысты. Отбасы атынан жиналған көпшілікке қазақы салтымызбен ақ пен бауырсақ ұсынылып, құрмет көрсетілді.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп: – Қай заманда болмасын ел алғысына бөленген абыройлы азаматтың әрдайым орны бөлек. Соғыстан жеңіспен оралып, милиция қатарында халқының қамын ойлап, қылмыспен күрескен, үлкен жүрегі елім деп соққан, нардың жүгін көтерген, туған жерінің адал перзенті, іскер басшы айтулы азамат Батырғали Мұқашұлы ортамызда тірі жүрсе биыл 100 жасқа толар еді. Өзі жетпеген өмір белесін ұрпағы тойлап, ескерткіш тақта ашып, ер есімін ортамызға оралтып жатыр. Сауапты жұмыс болсын, өркендеріңіз өссін, мақсаттарыңызға жетіңіздер,– деді.
Атырау облысының, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Максим Ізбасов: – Құрманғазы ауданы елін жаудан қорғаған батырлар, елдің сөзін сөйлеген ақындар, халқының қамын жеген жақындар, талай ғалымдар шыққан өлке. Бүгін, міне, елі өзінің біртуар ұлы Батырғали Мұқашев сияқты азаматын еске алуда. Біздің қазақта «Ерім», дейтін ел болмаса, «елім», дейтін ер қайдан шығады» деген сөз бар. Батырғали ағамыз сияқты бізге дейінгі аға буын өзінің міндетін абыроймен атқарып кетті, туған жеріне еңбегін сіңірді деп толық айтуға болады.1942 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылы жараланып, ауылына оралуы сол кездегі буынның басына түскен көп қиыншылықтардің бірі еді. Соғыстан кейін бір шеті Ресеймен, екінші жағы Каспий теңізімен, Орал облысымен шектесіп жатқан облыстағы үлкен ауданда 40 жылға жуық ішкі істер саласында қызмет етіп, тыныштықты күзету ең қиын мамандық. Адам еске алмаса, өлдіге саналады. Бүгін ел алдындағы еңбегін ұлығылау тәлімдік-тағылымдық, тәрбиелік мәні бар шара, – деп ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне, ұрпақтарына ризашылығын білдірді.
Б.Мұқашевтің ағайындары атынан Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, өлкентанушы Өмірзақ Қажығалиев сөйлеп, арнайы келіп қатысып жатқан аудан басшысы мен басқа да азаматтарға алғысын айтты.
Ескерткіш тақтаның лентасын қиып, жамылғысын ашу рәсімін аудан әкімі Абат Жанғалиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Максим Ізбасов, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Құрманғазы аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Мерханов атқарды.
Шара аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Есімі елдің есінде» атты тақырыппен жалғасын тапты. Көзі тірісінде полиция қызметкерлерінің үлкен династиясын қалыптастырған, бүгінде немерелері мен шөберелері ізін жалғап жатқан майдангердің тұтынған дүниелері мен тектік құжаттарынан жасалған көрмені аудандық мұражай көпшілік назарына ұсынды.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп, Естелік хатын Б.Мұқашевтің ұрпақтарына ұсынды. Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Болат Көшқалиев, ардагер ұстаз, ақын Рахмет Ниетқалиев, аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Мерханов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлы сөйлеп, кеш кейіпкерін жылы лебізбен еске алды. Ұрпақтарынан Ғалымжан Мұқашев Атырау облыстық полиция департаменті жанынан ашылғалы отырған мұражайға майдангер әкесінің кейбір бұйымдары мен естелік сыйлықтарын табыстады. Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі, майдангердің інісі Өмірзақ Қажымғалиұлы Б.Мұқашевтің жақсы қасиеті ағайындарын іздеп тауып, басын қосу болғанын, өзін оқыту үшін бәрін үнемдеп, қарапайым киініп жүргенін тебірене әңгімеледі. Еске алу кешін Бекжан Батырғалиұлы қорытындылады.
Шара барысында аудан өнепаздары мен Б. Мұқашевтің немерелері мен шөберелері орындаған әндер көрермен көңілінен шықты.
Қанат ҒҰМАРОВ