Энергетиктерді қабылдап, құрмет көрсетті

(0 Votes)

Электр энергиясынсыз күніміз жоқ. Жарық жалп етіп өшсе, онымен атқарылатын барлық жұмыстар толықтай  тоқтайды. Сондықтан  бізді электр қуатымен қамтып отырған энергетиктердің қоғамда орны бөлек.

Бұл жұмысқа көп адам шыдай бермейді. Қаһарлы қыста аязбен арпалысып, жылауық күзде желдің өтінде, шыжғырған жазда күнге күйіп, маңдайынан сорғалаған терін сүртіп жүріп, үзілген желіні табу, қайта жалғау оңай шаруа емес. Қашан оны қалпына келтіргенше дамыл таппайды. Себебі,ондаған мекемелер, жүздеген тұрғын үйлер оған қарап отыр. Шыдамсыз тұрғындар телефон соғыпта жатады. Созбалыққа салынуды уақыт күтпейді. Олардың табиғаттың тосын жағдайларындағы жанқиярлық қызметін ерлікке балауға болады. 

Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов Энергетиктер күніне орай «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалы, электр қуатын тарату, сату мекемелері қызметкерлерін кәсіби мерекелеріне орай қабылдап құрмет көрсетті.

– Энергетика саласы – ауданымыздың тұрақты дамуы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруінің негізгі тірегі. Жарық пен жылудың үздіксіз берілуі сіздердің біліктіліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің нәтижесі. Күндіз-түні ауа райына қарамастан атқаратын еңбектеріңіз үлкен құрметке лайық. Әрқайсыңыз өз ісіңізді жоғары деңгейде атқарып, аудан экономикасының алға басуына үлес қосып келесіздер. Осы мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, ал жұмыс орындарыңызға тұрақтылық пен қауіпсіздік тілеймін. Жаңа жетістіктер мен кәсіби биіктерден көріне берулеріңізге тілектеспін, – деген аудан әкімінің орынбасары Марат Ізмұханұлы сала қызметкерлеріне жаңа жылда толағай табыстар тілеп, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Қанат Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT