Енді, кәсіпкерлер тексерілетін болады

(0 Votes)

Төрт жылға созылған мораторий күшін жойды. Президентіміздің 2019 жылғы 29 желтоқсандағы №299 «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау қайта ашылды.

Осыған орай түсінік беру мақсатымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары басшыларымен кездесу жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев төрағалық етіп, күн тәртібімен таныстырып, көтеріліп отырған тақырыпқа сай  хабарлама жасаушыларға кезек берді.

Аудандық кірістер басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қайрат Насипов шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеру барысына тоқталды. Айтуынша оған салық органына тиесілі барлық тексерулер кіреді. Салық қызметкерлері  мекемеге арыздар, «Фейзбук», «Инстграмм» әлеуметтік желілеріне, «Вацап» мессенджеріне шағымдар түскен кезде анықтауға шығады. Осы күнге дейін заңдылықты бұзған екі салық төлеушіге айыппұл салынған. Мораторий тоқтағанымен тексерулерге әлі келісім беріле қойған жоқ. Одан әрі хабарламашы «Е.Құбашев» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашевтің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Құрманғазы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев хабарламасында 2024 жылдың І жартыжылдығында – 4 тексеру жүргізілгенін, ІІ жартыжылдығында – 6 тексеру жоспарланып отырғанын жеткізді. 19 шілдеден бастап өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізуге тапсырма берілген, әзірге қаржысы шешілмей жатыр. Мониторинг жасалғанда мысалы сүтті сыртындағы қағазынан бастап, құрамына дейін тексереді. Ол бойынша Ұлттық сараптама орталығы қорытынды шығарып береді. Биыл денсаулық сақтау ұйымдары мен мектептер ғана қаралған. Енді кәсіпкерлік нысандарын бұрынғыдай алдын-ала хабарлама бермей тексеруге рұқсат етіліп отыр.

Жеке кәсіпкер, «Құрманғазы СДО» АӨК басшысы Бержан Кенжебаев: – Тексеру жасағанда қолданыстағы Заңды өзгертіп, бірден айыппұл салмай алдымен ескерту беруді енгізу керек. Содан кейін 2-3 айдан соң ескертуден қандай қорытынды шығарғанын тексерген дұрыс. Айыппұлдар 800 мың теңгеге  дейін. Бір шелектің сыртында маркировка жоқ болса бірден 400 мың айыппұл салады. Бұл кәсіпкерлерге оңай тимеуде. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы заңға өзгеріс енгізуге  бастамашы болса екен,– деді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аудандық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мерей Әзімжанның мәлімдеуінше ішкі сауда нысандарына санитарлық және ветеринариялық қадағалау жасалып отыр. Базарларда арнайы зертхана бар, ет сататын дүңгіршектер күнделікті бақылауда ұсталуда. Биыл өнім қауіпсіздігін  сақтамағандарға 2 рет айыппұл салынып, өндірілген. «Е.Құбашев» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашев шеттен келген малдың қайда карантинге қойылатынын, оларды кім қадағалайтынын сұрады. Берілген жауапта шеттен келетін малдың жай-күйі Бөкейхан шекара бекетіндегі арнайы мамандар арқылы анықталатыны айтылды. Ауру табылған жағдайда тиісті шарасы алынады. Ауданымызға мал негізінен Батыс Қазақстан облысынан әкелінуде.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Дәулет Манатов жеке кәсіпкерлік нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау жөнінде сөз қозғап, тексеріс арыз-шағым түскенде жүргізілетінін тілге тиек етті. Жеке кәсіпкер, «Құрманғазы СДО» АӨК басшысы Бержан Кенжебаев бюджет арқылы тапсырыспен салынып жатқан үйлерді арасынан техника өте алатындай етіп тұрғызса,  өрт қауіпсіздігіне көңіл бөлінсе деген ұсынысын ортаға салды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы жиынды қорытындылап, бұл кездесу жыл басында өтуге тиіс болғанымен, өр суы келуіне байланысты төтенше жағдай жариялануына байланысты кейінге шегерілгеніне тоқталып, өнім қауіпсіздігі назарда ұсталатынын, шағын және орта бизнес өкілдері енді тексерулер болатынан біліп жүргендері жөн екенін жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT