Елу жылдан кейін

(4 Votes)

Аудандағы ардақты ана, ұлағатты ұстаздардың бірі - Аққаным Иманғалиқызы. Азаматы Ниғымет Жанханов ақсақал ел мен жердің жоқшысы болған бірегей тұлға.

Күні кешелері ғасыр жасына таяу шағында бақи дүниеден озды. Ал, оның өмірлік серігі Аққаным әже бұл күндері ғұмырының тоқсан бірінші жазын өткізуде. Шөберенің қолынан су ішіп отырған бақытты жан. Алаңы жоқ. Жасы жетпіске таяу ортаншы ұл Махмуд пен оның жұбайы дәл сондай жастағы Римма Қабдығалиқызының құрметтеп күтуіне дән риза.

Жады мықты анамыз қара шаңырақтың құты іспеттес, елдің тілекшісі де. Жақында оған осыдан елу жыл бұрын Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп кеткен ерлі-жұбайлы қос шәкірті Қуанғали Сәрсенов пен Сара Зұлқашева келіп, алдымен кешегі өткен Ниғымет көкеге құран-дұға бағыштады, көңіл жұбатарлық сөз айтты.

Содан кейін анамен көрісіп, елу жылдық сыныптастарымен жүздесуге арнайы келгендіктерін жеткізді. Аққаным Иманғалиқызы Қуанғали-Сара және олардың сыныптастарына 5-8 сыныптарда жетекші болған, әрі Ботаника пәнінен дәріс берген. Өмір сапары Қуанғали-Сараны Маңғыстау өңіріне тұрақтатқан үбірлі-шүбірлі отбасы иелері.

Жады мықты ұстаз әже Аққаным сондағы шәкірттерін жазбай таныды.-Сен көзің жылтылдап алды-артыңа көп карап жиі ескерту алатын едің,-десе, Қуанғалиға, ал оның жары Сараға:-сен байсалды, елтең-селтеңің жоқ тәртіпті едің, әлі солай көрінесің,-деді. Шәкірттері мәз болып, еріксіз мойындағандай.

Қос шәкірт сүйікті ұстазға кәжекей жауып, басына ақ орамал салды. Құттықтау лебізге толы «Естелік хат» сый-сыяпат табыстап, ұзақ та мағыналы өмірдің жалғасын тіледі. Мұны барлық сыныптастар атынан қабылдауын өтінді. Ана көңілі мәз-мейрам болып, судай тасыды, шәкірттерінің тірліктеріне назар аударды. Қуанғали Сәрсенов ұзақ жылдар сол Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығы саласында абыройы еңбек етсе, бұл күндері сондағы аузы дуалы имандардың бірі. Сара шәкірті мерейлі ұстаздық қызметін әлі күнге жалғастыруда. Шәкірттері де ұрпақтан құрмет көру сәтінде. Мұндай ұлағаты мол ұстаз бен шәкірттер жүздесуі лайық ұнамды әсер қалдыруда.

 

                                                                                                         Таңатар Дәрелұлы,

                                                                                                         ардагер журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT