Елу жылғы серігім

(0 Votes)

Мен ауданымыздың айнасы, қалың оқырманның ажырамас серігіне айналған «Серпер» (бұрынғы «Ленин жолы», «Кеңес үні») газетінің мың сан оқырмандарының бірі ғана емес, тұрақты авторымын.

Алғашқы шағын мақалам 1971 жылы ақпанның 20-шы жұлдызында «Соны серпінмен» деген тақырыпта газет бетінде жарық көріп еді. Міне, содан бері елу жылға жуық уақыт бойы газеттен бір сәтте қол үзбеген екенмін. Осы жылдар ішінде бірнеше шағын хабарлама, көлемді мақалалар, очерктер, өлеңдер және т.б туындыларым жарық көрді. Бұл шығармалар сан алуан түрлі тақырыптарды қамтыды. Осы уақыт аралығында тек өзім ғана жазып қоймай, оқушыларымды да тілшілік қызметке баулып, тәлімгерлік қызмет те қылдым.

«Серпер» өзінің ғасырға жуық шежіре-тарихында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арасында өзіндік орны, салмағы, дара қолтаңбасы бар журналистік мектебі қалыптасқан,жергілікті қаламгерлердің ұстаханасына айналып отыр. Ол –аймақтағы аудандық газеттердің ағасы. Басылымның өткен жолы – тұнған тарих, әр саны қайталанбас шежіре. Егер ауданымыздың өткені жайында бірнәрсе білгіңіз келсе, әрине, «Серпердің» тігінділеріне үңілеріңіз сөзсіз. Оның сарғыш тартқан парақтары соған куә.

«Серпер» өзінің ұзақ жылдық тарихында көптеген қиындықтарға тап болды. Тіпті өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында жабылып қалған кездері де болды. Кешегі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары нарықтық экономика қыспағы да кері әсерін тигізді. Бірақ бұл кедергілер «Серпердің» аяғын тұсай алмады. «Балықшылар үнінен» басталған ұзақ сапар «Социалистік жол» , кейіннен «Ленин жолына» жалғасып, одан біраз жыл «Кеңес үніне» құлақ түріп, ал қазір егемен, Тәуелсіз еліміздің кең даласын «Серперлетіп» жалғасуда.

Газеттің ұзақ уақыт өмір сүруі, алдымен оның шығармашылық ұжымына тікелей байланысты. Ал біздің «Серпердің» басында қаншама талантты, қабілетті, іскер, өз істерінің шынайы шебері атанған ағалар тұрды. Әріге бармай-ақ өзіміз жақсы танитын шығармашылық әріптестікте болған Тұрар аға Құрманғалиев, Қисым аға Ғұмаров, Құрыш аға Елемесов, Сәбит аға Қасымов, Рахмет аға Иманғалиев сияқты аға буын өкілдерін атап өткен жөн. Олардың әрқайсысы бір – бір тұлға, қайталанбас тума талант иелері еді. Бұл ағалар тек ауданымыздың емес, облыс журналистикасының кәнігі шеберлері еді. Алдына барсаң - жайсаң, соңынан ерсең - ақылман тау тұлғалар болатын. Жолың түсіп редакция үйіне бара қалсаң, құрақ ұша қарсы алып, пікірлесіп, ақыл-кеңесін айтып, қанатыңа жел бітіріп жіберетін. Рахмет ағамыздың өзінің «Жаралы жылдар, жаужүрек ұлдар» (Атырау, 2015 жыл) кітабына қарапайым тілші мені редактор қылып бекітуінің өзі қандай ағалық ілтипат еді.

Ал өзімізге аға, замандас құрдас Қ.Құсайынов, А.Жамалиденов, Т.Берішбаев, Ж.Ғұмаров, Б.Бисенов, Р.Отарбаев, Н.Ерғалиев, Н.Шайхаденов, Т.Дәрелов, А.Ғұмаровтардың қай қайсысы да «Сен тұр мен атайын»дейтін қанатты қаламгерлер, қаламы мұқалмас журналистер, газеттің жаны мен тәніне айналған тума таланттар екені сөзсіз. Жас жағынан өзімізден кіші, бүгінгі таңда газеттің жаны мен қанына айналған А.Нәжімов, Қ.Ғұмаров, А.Шакупова сияқты бүгінгі дарынды жастар біздің қуанышымыз, үміт артар ертеңіміз.

Жалпы газеттің беделін көтеретін де, абыройын асыратын да қай кезде де ауылтілшілері болатын. Өткен ғасырдың 60-70-80 – жылдарында олар газеттің сенімді тірегін айналды. Мен де осы топтың қатарынанмын. Сол жылдары өзінің «Құрмет тақтасы» болатын. Белсенді тілші ретінде осы тақтада ұзақ жылдар суретім ілініп тұрды.

Газеттің газет болып қалыптасуы, оның оқырманның сүйіктісіне айналуына ықпал ететін бірден бір күш – оның басында тұрған редакторлар. «Серпер» - редактор жағынан бағы жанған басылым. Басқасын айтпағанда Тұрар ағаның 18, ал Таңатар мырзаның 27 жыл редакторлық тұтқаны өз қолдарында ұстауы да сирек кездесетін құбылыс.

Алда сүйікті газетіміз, ауданымыздың айнасы «Серпердің» алғашқы санының жарық көргеніне 90 жыл толғалы отыр. Осыған орай газеттің ұзақ жылғы штаттан тыс тілшісі ретінде өз пікірімді білдіру үшін қолға қалам алдым.

Газет тойы – елдің тойы, бұқараның тойы. Өйткені ол – ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы айтқандай «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі». Сері «Серперіміздің» серпіні – сергек, адымы - кең, айдыны-шалқар, шабысы – өрелі, шабыты - өркенді болсын деп тілек етейік!

Нариманбек Шолтырұлы,

ардагер тілші, Бірлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521