ЕЛТАҢБАМЫЗ ТҰҒЫРЛЫ, ӘНҰРАНЫМЫЗ АЙБЫНДЫ

(0 Votes)

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы небір нәубеттерді бастан кеше жүріп, ғасырларға созылған азаттық жолындағы күрес нәтижесінде Тәуелсіздікке өол жеткізді. Ал, мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекеттігіміздің, егемендігіміздің негізгі атрибуттары, асқақ символдары.

Ұлттың рәміздері – мемлекеттің ұлттық белгісі. Елтаңба, Әнұран – қай елдің болса да, ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар, Тұңғыш Президент – Елбасы өз сөзінде: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені, олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», - деп айтқан болатын. Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 29 жыл толып отыр. Қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр.

1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді.

– Қазақта «керегең кең, босағаң берік болсын» деген сөз бар ғой. Сондықтан, Елтаңба жобасын жасауда қазақтың тұрмысымен тікелей байланысты, киіз үйді негізге алдым. Киіз үйдің құрылысы сәулеті жағынан ғана емес, мәдениеті жағынан да терең ұғымға ие. Елтаңбаның екі жақ шетіне мүйізді жылқыларды орналастырдым. Біздің даламызда кезінде осындай жылқы киік болған екен. Мүйіз көзден сақтайды деген де түсінік бар. Сол мүйізде жеті сақина бар. Ол – жеті ата. Исламдық бағыттағы діни жазбаларда Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) пыраққа мініп, көкке көтерілгені туралы айтылады. Пырақты бейнелеу арқылы шығу тегімізді, дін мен ділімізді көрсеткіміз келді. Тұтастай алғанда, Елтаңба – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы, - дейді Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков.

1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік Тудың жобасы таңдалды. Көк түсті болуы, адам бойындағы адалдық пен тазалық сияқты қасиеттерге сәйкестенуі. Себебі, көк түс әрқашан бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісін білдірген. Дәл ортасында күн мен қалықтаған қыран құсымыз және оң жағында оюдың суреті бар. Күннің салынуы жүзіміз жарқын болсын, қабағымызды мұң шалмасын деген ниет. Көкте қалықтаған дала бүркіті биіктік пен еркіндікті, дархандық пен қырағылықты бейнелейді. Тудың оң жағына оюдың салынуы қазақ екенімізді білдіретін нышан.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мемлекеттік Әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік Әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Елбасы Нұрсұлтан назарбаев әнге мемлекеттік жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңідеді. 2006 жылы 6 қаңтарда жаңа Әнұранымыз қабылданды. Авторлары Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Зеңгір көк түстес Тудың, шаңырақ бейнелі Елтаңбаның, жүректерде жатталған қуатты әуеннің аясына біртұтас болу үшін жиналған халқымыздың асқақ армандары уақыт өткен сайын ақиқатқа айналып келеді. Рәміздердегі әрбір белгі халықтың кешелі-бүгінгі өмірінің айнасы іспетті. Сонысымен ыстық, сонысымен қадірлі.

Жалпы, мемлекеттік рәміздер – қасиетті ұғым. Оның астарында халқымыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігі жатыр. Елбасы «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын бейнелейді» деп атап көрсеткен болатын. Олай болса, қазақстандықтардың еркіндікке ұмтылған зор қажыр-қайратын, асқақ арман-мұратын бейнелейтін мемлекеттік рәміздеріміздің қолданылуы, насихатталуы, осы арқылы бүгінгі буынды отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерге баулу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екенін естен шығармайық!

А.ШАКУПОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521