Бүгінде ауданымызда жасөспірімдердің ғылымға бет бұруы қауырт өсіп келе жатқанын жиі байқап жүрміз. Олардың халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанып жатқаны - туған жеріміздің абыройын асқақтатқаны ортақ қуанышымыз. Жақында Елордамызда өткен байқауда оған тағы да куә болдық.
10 мамыр күні – Астана қаласында қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ғалымның мол мұрасын жасөспірімдерге насихаттау, білім алушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Үздік ғылыми жоба авторы» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Оған ауданымыздың Ақкөл жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Магиллан Ақмарал Ержанқызы қатысты. Аталған байқаудың барысында кең байтақ Қазақстанның әр өңірінен келген оқушылар түрлі қызықты жобалар мен баяндамалар жасады. Жобаны қорғау кезінде мәселенің өзектілігін, мақсаты мен міндеттерін негіздеп, терең білімдерін көрсетті. Сондай-ақ өз зерттеулерінің келешегін, тақырыпқа сай жазған эсселерін назарға ұсынды.
Кілең мықтылар бағын сынаған байқауда Ақмаралдың жұлдызы жанып, Астананың төрінде І дәрежелі дипломмен, академик Қ,Сәтбаевтың бейнесі салынған арнайы төсбелгімен марапатталды. Облысымыз бен ауданымыздың мерейін өсірген оқушыны бұл байқауға жетекшісі Айнұр Абуғалиева дайындаған.
Айнагүл Шакупова