Елордадан еңсе тіктеп қайтты

(0 Votes)

1-5 қазан күндері  Астана қаласында «Жұлдызай-2024» республикалық  инклюзивті ұлттық-спорттық ойындарынан жарыс өтті. Оған еліміздің әр өңірінен  ерекше білімді қажет ететін балалардан құрылған 20 команданың  құрамында 700 спортшы қатысып, бақтарын сынады.

Бес күнге созылған қызықты да тартысты  сайыста ауданымыздан барған  Еңбекші орта мектебі мен Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернаттың  оқушылары  жүлделі орындар иеленіп, мерейлері үстем болды.

Жеңімпаздарды атап айтарсақ, үстел теннисінен Айнамкөз Мақсатқызы (Еңбекші), Нұртілек Ермекқалиев (мектеп-интернат)  І орынды иеленіп, алтыннан алқа тақты. Нұрлан Сағымжан (мектеп-интернат)  екінші, Наз Амангелді  (Еңбекші) үшінші орын алды. 60 метрге жүгіруден Жанболат Қыдырбаев,  Ақерке Махамбет  екінші, Нұрсұлу Нұрмағамбетқызы (мектеп-интернат)  үшінші  орыннан көрінді. 30 метрге жүгіруден  Әлішер Өтебалі (Еңбекші)  төртінші болып келді. Осылайша алысқа ат арытып барған еңбек ақталып, құрманғазылық оқушылар облысымыздан қатысқандар  арасында  6 медаль алып көш бастап отыр. Бұл үлкен жетістік. Елордадан еңсе тіктеп қайтты. Оларды осы жарысқа дайындап апарған жетекшілері  – үстел теннисінен аудандық балалар-жасөспірімдер даярлық клубының жаттықтырушысы Фарида Үсенова, жеңіл атлетикадан Еңбекші орта мектебінің дене тәрбиесінің мұғалімі Ержан Сұлтанов. Командалық есеппен атыраулықтар төртінші орынға табан тіреді.

Барлық жеңімпаздарға демеушілер «Самұрық-Қазына» АҚ, «Bi grup», «Қазспорт» мекемелері атынан марапаттармен қатар, біртекті спорттық киімдер, рюкзактар, бас киімдер тарту етілді. Жас спортшылардың осы жарысқа баруларына қаржылай қолдау көрсетіп, жағдай жасаған  аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров, аудандық балалар-жасөспірімдер даярлық клубының директоры Нұрболат Өтегенов, Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернаттың  директоры Қадрахим Бисенғалиевке ризашылықтары шексіз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT