Елімізге ағылған ресейліктердің қарасы көп

(0 Votes)

Байда ауылдық округінде орналасқан Котяев шекара бекетінің арғы беті толған ресейлік нөмірлі  жеңіл көліктер. Қиғаш өзені үстіндегі  көпірдің  Ресей жағынан бермен қарай шұбатылып тұр.

Жолаушыларының  дені өзге ұлт өкілдері. Көлігінің артқы жағын ашып қойып, қасындағы серігімен бірге сыра ішіп  тұрған орыс жігіттің аты Владимир екен. Қазақстандағы туыстарына қыдырып келе жатырған көрінеді. Бірақ, көліктің жүк салғышына  қампиған сөмкелер мен керек-жарақтарды нығыздап салғаны сөзінің жалған екенін дәлелдеп тұрғандай. Тағы бір көлік жүргізушісі  «Қандай мақсатпен келе жатқанымда шаруаларыңыз қанша? Басқа адамдардан сұраңыз» деп сөйлесуден  мүлдем бас тартты. Үшінші көліктің иесі саяхаттап келе жатқан боп шықты. Қалай десек те, ресейліктердің жүзінен абыржушылық, әлденеге алаңдаушылық байқалды. Алда не күтіп тұр деп ойлайтын шығар. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар», дегендей, жылы орындарынан қозғалатындай бір себеп бары анық. Қазақстанға өткелі тұрғандардың бірлі-жарымы болмаса қалғаны түгел жастар.

​​Ресейліктердің біздің елімізге ағылғаны пысықайлардың асығын алшасынан  түсіріп, айын оңынан туғызды. Енді ше, көрші мемлекеттен келетіндер біздегі бағаны білмейді, әрі барар жер, басар тауы жоқ болса, айтқанына  көнбей қайтеді?! Әсіресе, таксилер мен жалға үй берушілер үшін бұл жағдай нағыз майшелпек болды десек қателеспеспіз. Олар көрші елден  келгендердің  басына күн туғанын пайдаланып қалуға жанталасып  бағуда. Жолаушы тасымалымен  айналысатындар Котяев ауылы мен Атырау қаласының арасына бағаны бірнеше есеге  өсірген. Қиғаш бойының тұрғындары  таксилердің  дені шекара жақта жүргенін, екі арада автобус болмағандықтан қалаға бару қиындап кеткенін айтады.

Бір басына 20 мың теңгеге дейін сұраған соң  амалсыздан Құрманғазы ауылына  келіп мінген. Атырау қаласындағы  қонақүйлерде орын жоқ болғандықтан, шаһарда пәтер жалдау құны да аспанға  шарықтағанын естіп отырмыз. Пәтер иелері соңғы бағамен төлеуді, өйтпеген жағдайда баспананы уақытша  ресейліктерге беретін айтып, онсыз да аз емес жалдау құнын тағы көтерген. Әрине, өзінің жеке меншігі болғаннан кейін қалай етемін десе де еркі. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз, бірақ, адамгершілік, шүкіршілік  деген қайда? Басына күн түскендерді теспей сору қазақтың дағдысында жоқ еді ғой. Пәтер жалдап отырғандар да өзіміздің қаракөздер емес пе? Қайда кетіп барамыз?

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT