Елімізде мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Отбасылық цифрлық карта» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Аталған жүйеде 6,3 млн отбасының арнайы «портреті» қалыптастырылған, жүйелермен интеграцияланған, мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй ахуалы, тұрмыс деңгейі талданады. Бір сөзбен айтқанда, сіз мемлекеттен қандай да бір көмек түрін алуға құқылы болсаңыз, содан ақпарат беріп отыратын электронды хабарлаушы іспетті.
Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету туралы келісім әлеуметтік алушыға смс хабарлама арқылы келеді. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері тағайындалып кейін есепшотына аударылады. Жаңа жүйенің тиімділігі сол әр отбасы тиісті төлемдерге өтініш бермей-ақ, түрлі кабинеттердің табалдырығын тоздырмай-ақ автоматты түрде ала алады. Бұл мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Цифрлық карта арқылы әр жанұядағы адам санын, әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысын, жұмысқа жарамсыз жандардың бар-жоғын, баспана, денсаулық жағдайын дер кезінде анықтайды.
Отбасының цифрлық картасы жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды.
Іс жүзінде «Отбасылық цифрлық карта» - бұл әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы».
Э.Рахметоллаева,
Құрманғазы аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламар және азаматтық
хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы