Елімізде 222 майдангер тұрады

(0 Votes)

Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын бізге бейбіт ғұмыр сыйлаған жеңіс сарбаздарының қатары азайып барады.1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 222 қатысушысы тұрады.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 4,6 миллиард теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр. Еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу құрметіне майдангерлерге кемінде 1,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсету көзделген. Майданға 1 миллион 200 мыңнан аса қазақстандық шақырылды, 20-дан аса атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылған. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды.

Төрт қазақстандық екі рет батыр атанса, 110 қазақстандық үш дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды. Олар шайқаста қаза тауып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.

«Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 222 қатысушысы және майданда жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жеңіске үлес қосқан 60 106 басқа да азаматтар тұрады. Олардың ішінде: қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 78, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 175, соғыс кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамдардың жұбайлары – 2 413, қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 4, тыл еңбеккерлері – 57 436 адам», - делінген министрліктің хабарламасында. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға – 220 754 теңге (161 адам), майданда жарақат, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі барларға – 229 286 теңге (61 адам), басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т.б.) аумағындағы әскери іс-қимылдардың ардагерлері үшін – 215 201 (25 752 адам), жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге – 182 782 (3 648 адам),Ұлы Отан соғысы кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 140 838 (14 424 адам), соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам) төленеді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджет және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (естелік) күндерге материалдық көмек түрінде және келесі нысанда қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді. Олар – тұрғын үйді жөндеу (20,4 миллион теңгеге 114 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (179,3 миллион теңгеге 3 384 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (116,8 миллион теңгеге 6 463 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (56,4 миллион теңгеге 4 826 адам), тіс протездеу (22 миллион теңгеге 239 адам), азық-түлік топтамасы (81,3 миллион теңгеге 8 097 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.

Ақпарат көздерінен даярлаған Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT