Полицейлер династиясы – әулеттің абыройы мен жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі ата-бабаларының өмірлік ұстанымдарын жадында берік сақтаған және осы құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеген отбасылар. Сондай, арамыздағы облыс сақшыларының ерекше ризашылықпен құрмет тұтатын қадірлі ортаның бірі – Мұқашевтар әулеті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан еңбек жолымен танылған әулетте атасы, әкесі және екі ұлы мен үш немересінің құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 110 жылды құрайды.
Көпке үлгі болған тәртіп сақшылары династиясының іргесін қалаған адам ретінде толағай тұлға Батырғали Мұқашев – құқық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы тынбай еңбек етіп, милиция подполковнигі атағына дейін көтерілген ардагер. Ол өз өмірін халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігіне арнап, көптеген қиын кезеңдерде елге адал қызмет етті. Қызмет жолы көпке үлгі ардагер 1948 жылдан бастап құқық қорғау органдарында қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде Батырғали Мұқашев өз міндетін ұқыпты атқарып, елінің тыныштығын сақтап қалуға бар күш-жігерін салды. Үздіксіз 31 жыл еңбек еткен ардагер полицей 1980 жылы милиция подполковнигі шенімен құрметті зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Батырғали Мұқашұлы аудандық өрт сөндірушілер ерікті қоғамында төрағалық етіп, 1995 жылға дейін қызмет атқарды. Ардагердің «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдары соғыстағы әскери ерлігі үшін» медальімен, «Ұлы Отан соғысы екінші дәрежесі» ордені және I,II,III дәрежелі милиция саласында үздік жұмыс атқарған медальдарымен марапатталды.
Милиция подполковнигінің Ішкі Істер органдарындағы қызметі отбасылық дәстүр болып жалғасын тапты. Оның ұлдары мен немерелері де құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, әкесі мен атасының жолын қуып, елге мінсіз қызмет етуде.
Батырғали Мұқашевтың тұңғыш ұлы Қайыржан Мұқашев 1983 жылдан 1998 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызмет етіп, милиция майоры атағына ие болды. Ол 1985-1998 жылдары Атырау облысы Құрманғазы аудандық полиция бөлімі Жол инспекция қызметінің бастығы болып жұмыс істеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі еңбек сіңіре білді. 13 жыл еңбек өтілі бар Қайыржан өз міндетін абыроймен атқарып, халықтың алғысын ала білген сыйлы азамат.
Әулеттің екінші ұлы Бекжан Мұқашев 1993 жылдан 2005 жылға дейін құқық қорғау саласында қызмет етті. Ол жол полициясының аға инспекторы, кезекші бөлімінің аға жедел кезекшісі және учаскелік полицияның аға инспекторы лауазымдарын атқарды. Бекжанның қызметі оның полиция майоры дәрежесіне дейін көтерілуіне мүмкіндік берді.
Ардагердің немересі Аслан Мұқашев 2000 жылдан 2018 жылға дейін еліне қалтқысыз еңбек етті. Ол 2004 жылы Алматы ІІМ-нің Академиясын аяқтаған соң, жол полициясының аға инспекторы және Құрманғазы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Асланның осындай еңбегі оның полиция майоры атағына ие болуына әкелді.
Тағы бір атасының немересі полиция подполковнигі Жасұлан Мұқашев 2001 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет атқарып келеді. 2005 жылы Алматы ІІМ-нің Академиясын аяқтаған соң, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің Тергеу басқармасының тергеушісі және Атырау облысы полиция департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі болып жұмыс істеді. 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін ол Атырау облысы полиция департаменті Тергеу бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
Мұқашевтар әулетінің тағы бір өкілі Ренат Мұқашев 2014 жылдан бері Құрманғазы аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып келеді. Ол кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция бөлімшесінің инспекторы лауазымынан бастап, 2019 жылдан күні бүгінге дейін сол бөлімнің аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны ретінде қызмет атқаруда.
- Ардагер деген ардақты атқа жеткізер жылдар бойы тынымсыз еңбегің, сол еңбекпен жинаған абыройың екені сөзсіз. «Адам жас күнінде қайтсем абыройлы ардагер боламын? - деп ойламайды. Жастық жігеріңмен тек елге қызмет етуді, өзіне жүктелген міндетті мүлткісіз орындауды ғана ойлайды. Уақытпен санаспай істеген жұмысың сені абырой деген биік шыңға өзі сүйреп шығарады,- дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкідегі милиция подполковнигі Батырғали Мұқашұлының немересі Жасұлан Мұқашев.
Иә, Мұқашевтар әулетінің Ішкі Істер органдарында атқарған қызметі – еңбек пен адалдықтың, ерлік пен жанқиярлықтың жарқын мысалы. Әулеттің әрбір мүшесі өз өмірлерін елге қызмет етуге арнап, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Бүгінде бұл династия елдің игілігіне қызмет етуді жалғастыруда. «Ер есімі - ел есінде» демекші Батырғали Мұқашұлының есімі мәңгі есте қалады және бұл бастаумен басталған үлкен жол, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таппақшы…
Асылай Жұмажанова
Атырау облысы полиция департаменті Ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы полиция лейтенанты