Атырау қаласында қазақ әдебиетінің алыбы, көрнекті ақын, ҚР мемлекеттік гимні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай «Ұрпағым, саған айтам» атты республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.
Көркемсөз додасының нәтижесінде бас жүлдені Маңғыстау облысынан келген Көркем Дүйсенбаева жеңіп алды. Бірінші орын Атырау облысынан қатысушы, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Елдос Құлшаров иемденді. Екінші орынға Шымкент қаласынан Ләззат Мүсілім және Атырау қаласынан Айжан Бөлекбаева лайық деп танылды. Ал үшінші орынды Қарағанды облысынан Владислав Горизанов, Түркістан облысынан Ақберен Жолдасбек және Жамбыл облысынан Айнұр Нұрбек иеленді.
Байқауда 18-35 жас аралығындағы 11 жас дарын бақтарын сынады. Олар — Шымкент қаласы, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан және Атырау өңірінен келген үміткерлер.
Іс-шараның ашылуында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
⁃ Көркемсөз өнерінің тіл мәдениетін дамытудағы және жастардың рухани дүниесін байытудағы маңызы зор. Сондай-ақ ақынның есімін ұлықтаған байқаудың Атырау жерінде өтуі — өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға, - деді Ә. Жоламанов.
Байқау екі кезеңнен тұрды:
бірінші кезеңде қатысушылар поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқу,
екінші кезеңде прозалық туындыларды шебер жеткізу арқылы ақын мұрасының биік рухын сездірді. Әр үміткер ақынның кемінде 10 өлеңін жатқа білуге міндетті болды.
Қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етті. Сондай-ақ жазушының қызы Қарлығаш Нәжімеденова, қос ақын — Амангелді Мырзабек пен Алмас Сақбаев және Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева қазылар алқасы қатарында болды.

