2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «Ел үміті» жалпыұлттық саясатын ұсынған еді. Бұл бастама аясында қолға алынған «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен өтіп жатыр.
Спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірбиесі секілді 7 негізгі бағыттан тұратын 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған жобада Абай орта мектебінің 10 сынып оқушысы Ақбота Тілекқабыл мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің 4-курс студенті Мақсат Хайырбеков бақ сынады. Нәтижесінде олар Республикамыздың түкпір-түкпірінен қатысушы үміткерлердің ішінде үздік деп танылып, ауданымыздың абыройын асырды. Жеңімпаздарды аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева марапаттап, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусiз үлес қосқан ұстаздарына зор алғысын білдірді. Білгір жастар сөз кезегінде ауқымды жобадан алған жылы әсерлерімен бөлісіп, барша қатарластарын жүйелі дамуға бағытталған керемет мүмкіндіктен қалыс қалмауға шақырды.
Еркеназ Қалижан