Ел ырзығы - құмаршық

Рейтинг: 0 / 5

Қасиетті құмаршық өсімдігі туралы әңгіме болғанда аға ұрпақ өкілдері елең ете түсетіндігі белгілі.

Осы шөптің қадір-қасиетін олар ерекше сағынышпен еске алып, бір күрісінетіндігі тағы бар. Оның себебі сонау ашаршылық, сұрапыл соғыс жылдарында халықты аштық пен жоқшылықтан аман алып қалған осы өсімдікке ықыластары ерекше болатын-ды. Құмаршық туралы ел ауызындағы әфсанада ботасын қасқыр жеген аруананың тұлыпқа иісініп, желінінен дірдектеп аққан уыз сүттің тамған жеріне киелі өсімдік шыққаны айтылады. Әфсана болғанымен ел жадында мәңгі қалған құмаршық өсімдігінің бүгінгі күндері сирек өсетіндегі ел арасында айтылып жүр. Энциклопедиялық басылымдарда құмаршыққа төмендегідей сипаттама берген. «Құмаршық (Agriophyllum arenarium) – алабұта тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік. Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының, Мойынқұм өңірінің құм бұйраттарында, еспе құмда өседі. Биіктігі 20-100 см-дей. Сабағы түп жағынан бастап тармақталып өседі. Тамыз – қазан айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі 3,5-5,5 мм-дей, түксіз үлпілдек қанатты дәнек. Тұқымы жұмыртқа тәрізді, алқызыл түсті келеді. Көшпелілер құмаршықтың тұқымынан ұн алып, одан нан пісірген».

Сарытоғайлық еңбек ардагері, ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылығы саласында агроном болып қызмет еткен Уәли Рақымжанов: «Мен де жас шағымда құмаршықпен қоректеніп өскен адаммын. Құмаршықтың тұла бойы тұнып тұрған дәрумен. Оны тұрақты түрде азық түрінде пайдаланған адам ару дегенді ұмытады. Құмаршық дәнін тірілей суға салып жіберсең, көгілжім сүт болып шыға келеді. Бұған қалай таңданбайсың? Жалпы мен құмаршық туралы шамам жеткенше зерттеу жүргізген адаммын. Жоғары оқу орнында агроном мамандығына оқып жүрген кезімде дипломдық зерттеу жұмысыма құмаршық тақырыбын бекітіп беріңіз деп ғылыми кеңеске өтініш түсірдім. Бірақ ұсынысым қолдау таппады. Өйткені, кең-байтақ Қазақстан аймақтарында өсетін өсімдіктер тізімінде құмаршық деген шөп мүлдем болмай шықты. Кейіннен оған өзімнің де көзім жетті. Өзбекстан, Түркіменстан құмдарын, Маңғыстаудағы Үстірт бойын түгел шарладым, бірақ құмаршық кездеспеді. Демек, тек Атырау облысындағы Нарын, Айбас, Бегайдар құмдарында, Сасықтау, Үштаған, Сазды бойында өседі. Оның дәнін сеуіп, жоспарлы түрде мол өнім алам деу әурелену бекершілік, бәрбір шықпайды. Оған тәжірибе жасап көргенбіз. Құмаршықтың дәні күзде өздігінен желмен ұшады. Құм жиегіндегі қосаяқтар дән тасымалдайды. Міне, сол жерлерге келесі жылы көктемде қаптап құмаршық шығады», - дейді» (Н.Ерғалиев «Құмаршықтың құпиясы», «Жайық шұғыласы» газеті 1 қараша 2019 жыл). Құмаршық туралы соғыс уақытының ұрпағы (өкілі), геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Нәсіпқали Сейітов «Мәмбеттен» академикке дейін» атты өмір-дастан кітабында: «Құмаршықты шалғы көмегімен орып алады да, он-он бес күндей шөмелелеп кептіреді. Кепкен шөмелелерді төселген алаша үстіне үйеді де, арнаулы бақандармен күлпаршасы шыққанша сабалайды. Бұл әрекет нәтижесінде құмаршықтың дәні оның қаңқалары мен қауыздарынан ажырайды. Қаңқаларды аластағаннан кейін алаша үстінде құм-тозаңдармен аралас дәндер ғана қалады. Бұл әрекеті «құмаршық қағу» деп атайды. Жиналып алынған дәндер самал желі жаймен ғана соғып тұрған жаймашуақ күндердің бірінде «ақталып алынады». «Құмаршықты ақтау» дегенміз – оны алуан түрлі тозаңдардан тазарту. Ол үшін, самалды кештердің бірінде дөң-дөң болып үйілген құм шошақтарының төбесінде отырып, құмаршық дәндерін байырғы тарелкамен көсіп-көсіп алады да, оларды жел өтінде қайта-қайта қақпақылдайды. Осылайша екшеленгеннен кейін кірме тозаңдар «ұшып кетеді де», таза дәннің өзі қалады. Келіге түйіліп немесе диірменге тартылып алынған құмаршық ұнынан нан пісірсеңіз, әйтпесе оны «тірілей» қуырып жесеңіз немесе одан көже жасасаңыз – бұлардың бәрі тіліңізді үйіреді. Бұл дәм менің таңдайымда мәңгілік сақталып қалған», - деп жазды.

Құмаршық өсімдігінің қадір-қасиетін біздің ұрпақ сезініп өспегенімен, алдыңғы буын аға ұрпақтар есінен ешқашан да шығармағаны белгілі. Себебі олар құмаршықты өмір діңі болған қасиетті нанмен бірдей көреді, сонау сұрапыл соғыс жылдары жүдеу де жұтаң дастархандарының берекесін келтіріп, болашаққа деген армандар мен сенімдерге жетелегенін біледі.

Аққали Ахмет

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика