Жолдауда Мемлекет басшысы қаңтардағы дүрбелеңнің себебін зерттеп, зерделеп, бүлікші содырлардың түпкі мақсаттарына мән берді.
Сын-қатерлерден сабақ алып, елімізде жаңа Қазақстанды құруға бетбұрыс басталғанын, дамудың кешенді бағдарламасын жариялады. Осы өзгерістердің барлығы қазақстандықтардың өркениетті елде өмір сүріп, олардың конституциялық құқықтарын сақтауға, уайымсыз табысты еңбек етуге негіз болып табылатынын қадап айтты.
Мемлекет басшысы осыған дейін биліктің суперпрезиденттік үлгісі болып келген жүйеден бас тартты. Былайша айтқанда, президенттік билікті шектеп, ел басқарудың қомақты міндетін Парламентке беретінін мәлімдеді. Бұл ұсыныс еліміздегі қазақстандық демократияның көрінісі екендігі даусыз.
Жолдауда осыған дейін Парламент Мәжілісінде, «Аманат» партиясының съезінде, Қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген жиынында айтылған нақты ұсыныстар барынша кеңейтіліп, тереңдетілді. Әсіресе, саяси партияларды тіркеу, олардың атқарар жұмыстары мен алар орны және еліміздің дамуына қосар үлесі туралы нақты айтылды. Елімізді алдағы уақытта оң өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндік. Сенат депутаттары санының азаюы, Ұлттық құрылтай жасақталуы, Конституциялық сот құрылуы, 30-дан астам бапқа өзгеріс енгізілуі тиіс дегенінің бәрі – осының басты дәлелі. Сонымен қатар, депутаттардың сайлау алдында берген уәделерін орындалуын қатаң бақылауға алынатыны, әрбір істің нәтижелі болуына бастайтыны анық. Президент сайлау мәселесіне үлкен көңіл бөлді. Осыған дейін Парламент құрамын анықтауда көппартиялық жолмен атқарылып келген үлгіні өзгерту керегін айтты. Оның себебі, халық танымайтын, қазақ тілінде сөйлей алмайтын, өзіндік қалыптасқан пікірі жоқ адамдар депутаттық мандатқа ие болып кетіп жатқаны шындық. Бұл жағдай қоғамға да, билікке де абырой бере қоятын құбылыс емес. Халық өзінің білетін, танитын адамын өзі сайлайды. Бұл жерде демократияға бетбұрыс сипаты анық байқалады.
Президентіміздің «Мен елімнің ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын», «Үлкен өзгерістер ауыс-түйіс жасаумен шектелмейді, өзгерістерді өзімізден бастауымыз керек» дегені күллі отандастарымызды бірлікке шақырып тұр. Жолдаудан ұққанымыз, ең бастысы, халықтың қалауы біртіндеп орындалып жатқаны. Әрине, бұл бағдарламалық ұсыныстардың бір күнде, бір мезетте жүзеге аса қалуы мүмкін емес. Алдымен, Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі ескерткеніндей, заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуге тиіс. Оның үстіне, осындай белгілі бір көлемді мерзімді қамтитын іс-шараларға Қазақстан халқы жұдырықтай жұмылып, біркісідей атсалыспаса, ішкі, сыртқы ойы бұзық жандардың жетегінде кетпей, әркім өзіне лайықты жұмыспен айналысып, нақты нәтижелерге жетуге тырыспаса, Президенттің бұл ұсыныстарының да Қазақстанды жаңаша құрудың мүмкін емес екені өзінен-өзі түсінікті. Сондықтан Жолдауда айтылған тапсырмаларды қабыл алып, оны орындау жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.
Өмірболат Есенғазиев,
«Аманат» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының атқарушы хатшысы