Мақаш ауылдық округінде Шабыт ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күніне орай “Ел мен жердің жеңісі” атты тағылымды шара оздырылды.
Жеңіс туын желбірету жолында қан кешіп, кеудесін оққа тосқан боздақтар бір сәт үнсіздікпен еске алынып, ескерткіш тақтаға гүл қою рәсімі өтті. Ауыл әкімі Бауыржан Нұрлығалымұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Мәутайұлы, Карл Маркс мектебін 1972 жылы аяқтаған, ескерткіш тақтаның ашылуына себепкер болған түлектер атынан Ибатолла Ғалиев құттықтау сөз сөйледі.
Бақытханым Шамұратқызы, Қуаныш Толыбекұлы, Нұрғазы Ғапуұлы және “Әншілер” тобы әсерлі әуендерін орындаса, “Тұмар” би тобы мың бұралған биімен шараның көркін қыздырды. “Көркемсөз оқу шеберлері” үйірмесінің оқушылары аталмыш тақырыпқа сай ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Еркеназ Қалижан