Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудандық қоғамдық кеңестің дәстүрлі отырысын оның төрағасы Жұмақай Ғұмаров ашып жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды.
Алғашқы кезекте аудан әкімі Қайрат Нұртаев 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылғы жоспары туралы (толық мәтіні газетімізде жарияланды) есеп берді. Өз хабарламасында аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов VI сайланған мәслихат депутаттарының жыл ішінде атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. Мәліметінше, ҚР-ның 2001 жылғы 23 қаңтардағы «ҚР-ның жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 21-1 бабының талаптарына сәйкес өткен жылы 9 депутаттық сауал тіркелген. Оның ішінде №1 Мақаш сайлау округінің депутаты Ө.Есенғазиев «Атырау-Жарық» АҚ-ның төрағасы О.Қаршегеновтың атына Мақаш ауылдық округіне қарасты елді мекеніне электр кабелін тарту және №8 Ақкөл сайлау округінің депутаты Т.Исмагуловтың аудан әкімінің орынбасары Ж.Хасановтың атына Жасталап ауылы мен Көптоғай ауылы арасына қатынайтын паромның ескіруіне байланысты жаңа паром алу мәселесі оң шешімін тапты.
Аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің 12 айда атқарған жедел-қызметтік жұмысының қорытындысымен бөлімше басшысы Талғат Исаев таныстырды. Есепті мерзімде жедел жағдайды тұрақтандыру бойынша жүргізілген бірқатар іс-шараларға қарамастан жалпы тіркелген қылмыстар 16,4%-ға өскен.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров:
- Тұрғындардың мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейлерде алынған шешімдер мен қаулыларды талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуде аудандық қоғамдық кеңес өз жұмысын жоспарлы және жүйелі жүргізіп, бірқатар игілікті шараларды жүзеге асыруда, - деп жыл ішінде тындырылған жұмыстарды баяндады.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері тыңдаған хабарламалары негізінде талқылау өткізіп, әртүрлі сала бойынша көтерген маңызды мәселелерге сәйкес тиісті жауап алды.
Еркеназ Қалижан