Ел есінде қалған дәрігер

(8 Votes)

Баршамыздың ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан біздің бірлігіміздің алтын бесігі, қашанда береке бастауы.

Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамып отырғаны – еліміздегі жүрегі бір, тілегі ортақ түрлі этнос өкілдерінің жарасымды өмір сүруінің арқасы. Ауданымызда да өзге ұлт өкілдері берекелі ғұмыр кешіп, абыройлы еңбек етуде.

Өз мамандығын жан- тәнімен сүйген, соңғы демі таусылғанша Гиппократ антына адалдық танытумен өткен, ақ желеңді дәрігер Галина Михаиловна Фаустованың есімін құрманғазылықтар ерекше қадірлейді. Өйткені, ол – ауданымызда ана мен бала денсаулығын қорғауда өлшеусіз еңбек етіп, талай ананы ажал аузынан аман алып қалып, сан жүздеген сәбиге кіндік шеше болған мінсіз дәрігер. Галина Михаиловна Фаустова - 1940 жылы Приморье аумағында Лесозаводск қаласында туған. 1958 жылы Гурьев қаласында орта мектепті тәмамдап, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. 1966 жылы институтты бітіргеннен кейін, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасында дәрігер гинеколог болып жұмысқа орналасады. Галина Фаустова 46 жыл тынбай жұмыс жасады, сол жылдардың ішінде дос тапты, тұрмыс құрды, өмірге 3 қыз әкелді. Ана жолын қуған үлкен қызы Елена Астрахан қаласындағы медицина институтын бітіріп, қазір Тамбов қаласында дәрігер болып жұмыс жасаса, ортаншы қызы Татьяна ауданда М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде оқытушы, ал кенже қызы Ирина Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы университетін бітіріп, Астрахан қаласында еңбек етеді. Отбасындағы тірлігімен қатар адам жанының арашашысы болып, талай нәрестені дүниеге келтіріп кіндік шеше атанған Галина Михаиловна 2006 жылы Елбасының Алғыс хатымен, 2008 жылы ҚР-ның денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, 2009 жылы 70 жасқа толуына орай Атырау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Еліміздің сұлулығына сұлулық, қуатына қуат қосатын халқымыздың дені сау, күш- қуаты мол, сымбатты болуын қолдаймын» деп жазған орыс жазушысы Михаил Шолоховтың осы бір қанатты сөзін өміріне арқау еткен Галина Михаиловна 2013 жылы дүниеден озды. Бүгінгі медицина саласындағы ақ халатты абзал жандар, оның ізбасарлары алтын қолды дәрігердің іс-тәжірибесін жұмыс барысында қолданып, өзгелерге үлгі тұтады деген ойдамыз.

Гауһария КІНӘМАҚЫЗЫ,

Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521