Әлемнің барлық мемлекеттері де өздерінің егемендігін жариялаған күнді қадірлейді. Себебі бұл – мемлекет ретінде қалыптасу тарихы бастау алған сәт. Азулы АҚШ-тың да егемендік алған күні ғасырлар бойы тойланып келеді.
Қазақстанға да жұғысты болсын! Біз де солай, сан ғасырлар бойы тойлайық! Жалпы егемен елміз деген сөздің өзі бойыңа қуат құйып, санаңды сергітіп, ертеңгі күнінді арайландыра, айналыңды шырайландыра түседі ғой. Қазір әлемде дербес мемлекетін құра алмай жүрген қаншама халықтар бар. Егемендік – бабаларымыз ғасырлар бойы күресіп төккен қаны ақталағанының, қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн боламын дегені үшін кешегі жазықсыз атылған Алаш арыстарының арманы жүзеге асқанының көрінісі. Басқа қонған бағымыз! Өркендеуге жол ашқан, гүлденуге қадам басқан шағымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы болған ұлттық Құрылтайда ұлттық мерекемізді ортамызға оралту мәселесін көтеріп дұрыс жасады.
Республика күні – ұлттық мерекесі жастарымызға да ой салуы тиіс. Егемендікті сақтау, қорғау – ел бірлігіне сызат түсірмеу арқылы жүзеге асатынын естен шығармайық. Тынышсыз әлемде тұрақтылықтың мызғымас ұясы бола берейік. Бұл мереке Қазақстанды мекендеген ұлттар мен діндер арасындағы өзара бірлік пен ынтымақтастықты бұрынғыдан да нығайта берсін деген тілектемін. Себебі, бүгінгі барлық жетістіктеріміз Тәуелсіздіктің жемісі.
Орынша Құмарғалиева,
ардагер ұстаз, "Еңбек ардагері" төсбелгісінің иегері