Адам денсаулығы – ең басты байлық. Әлемді жайлаған коронавирус дертінің әзірге толастар түрі байқалмайды.
Былтырдан бері бұл індеттен арыла алмай келеміз. Тіпті соңғы кезде ақпарат көзі аурудың жаңа қауіпті штаммы анықталып отырғандағын айтып дабыл қағуда. Әр кезеңде өршіп, қайта бәсеңдеп отыратын вирустан қорғанудың жалғыз жолы вакцина салдыру ғана болып отыр. Алайда көптеген адамдар оны алуға үрке қарап, медицина мекемелеріне баруға асығар емес. «Екпе жайлы не дейсіз?» деген сауалды бірқатар ауылдастарға тастап, ойын білген болатынбыз.
Асқар Дүйсенғалиұлы, зейнеткер: - Өткен жылдан бері тәжтажалдың салдарынан мен танитыны бар, танымайтыны бар қаншама адам келмеске кетті. Әлі де жалғасу үстінде, «пәленше-түгенше дүниеден озыпты» дегенге бүгінде таң қалмайтын жағдайға жеттік. Өлім-жітімнің көпшілігі өзіміздің салғырттығымыздан болып отырған жайт. «Той-топырдан тыйыл» деді тыңдадық па, жер-жерде жасырын той өткізу, садақа, қаделер берудің соңы осындай орны толмас өкініштерге әкеліп соқтырды. Ендігі уақытта індетті жеңудің бірден-бір жолы осы екпе екенін мойындауымыз керек. Денсаулықты сақтау үшін, коронавирусқа шалдықпау үшін вакцина алудың қажеттігі күнде айтылады. Оның еш қауіпті емес екенін халық түсінуі қажет. Әлеуметтік желілерде негізсіз ақпараттардың қалай болса солай тарап жатқанының кесірі көпке тимесе екен деймін. Көпшілікті шошытатын неше түрлі ақпаратқа сеніп, бекерден қорқып жүрген азаматтарға сенбеңіздер дегім келеді. Маман дәрігерлер ауруханаларда науқастар санының күрт өскенін, қазіргі штамм денеде тез көбейіп, тез таралатындығын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Ел ішінде кездескен қай індетті де осындай екпелермен жеңдік емес пе? Бұған ауылдастарым түсіністікпен қарап, ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен вакцина алып ұжымдық иммунитетке қол жеткізуіміз керек. Сонда ғана бұл індеттің алдын алуға болады. Қауіпке қарсы қарекет ету, сіз бен біздің қолымызда.
Батырбек Балтаев, мемлекеттік қызмет саласының ардагері: - Бұл – адамзат баласына келген алапаттың бір түрі. Өткен жылғы болған қиын шақта індетке шалдыққандарды ажал тырнағынан аман алып қалу жолында жолында медицина саласы мамандары жан аямай еңбек еткені баршаға аян. Дерттің дендеп кетпеуі үшін белгіленген карантиндік тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдары да көз ілмеді. Дәрігерлер қауымына дер кезінде көмекке келген еріктілердің де еңбегін айтпай кетуге болмайды. Күрделі кезеңде кәсіпкерлер, іс басындағы азаматтар халыққа көмек қолын созды. Тосыннан келген тәжтажалдың ауыртпалығын осылай еңсергеніміз есте. Қазіргі уақытта тағы да ауру бас көтерді. Мамандар оны жеңудің бірден-бір жолы вакцина алу екенін айтуда. Мемлекетіміз оның шығынын өз мойнына алып, қажетті дозалармен үздіксіз қамтамасыз етуде. Неге біз осы жасап отырған жақсылыққа жатырқай қарап, ананың-мынаның қаңқу сөзіне еріп қашқақтаймыз. Ағзасында екпеге кері әсері болмаса вакцина алғандары алдымен өзіне, қалаберді жақын-туыстарына, айналасына жақсы болатынын неге ескере бермейді?!
Ұлан Иманғали, мұғалім: - Саулық сақтықтан басталады. Біз – тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам басқан, өркенін кеңге жайып келе жатқан жас мемлекетпіз. Осыған дейін халық басынан талай зобалаң жылдарды өткерді. Сонда да ұлтымыз жойылмай, бабалар аңсаған күнге қол жеткіздік. Бұл – біздің басты құндылығымыз. Қазір біз үшін тағы бір ауыр сындарлы уақыт сағаты соқты. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, елдің тұтастығын сақтау бізге жүктелді. Бұл үшін өзіңіз бен жақындарыңызға жеке бастың қауіпсіздігін сақтап, қарапайым ережелерді ұстануға насихаттап, ауруға немқұрайлы қарамауға шақыруымыз керек. Індетті жеңу үшін вацина алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды. Өз басым мектеп оқушыларымен жұмыс істетейтін болғандықтан екпенің екі компонентін де алдым. Олай болмағанда да саулығым үшін, жанұямның амандығы үшін егілер едім.
Ақмарал Қыдырқызы, кеңсе қызметкері: - Вакцинация – вирустың таралуын тежеудің жалғыз жолы. Денсаулықты нығайтып және белгілі ауруға төтеп беру мүмкіндігін жоғарылататындықтан көп жағдайда екпе алудың пайдасы зор. Ектіру-ектірмеу – әркімнің өз еркі. Мамандардың айтуынша, коронавирус індетіне қарсы вакцина толықтай зерттеліп үлгермеуі себепті, оның қандай әсері болатынын әзірге ешкім нақты айта алмайды. Бірақ, дертке шалдыққан жағдайда аурудың ауырлығын төмендететіні анық. Вакцина бірнеше кезеңдік зертханалық тексерістен өтті. Екпе жайында толық мәліметті кез-келген азаматтың біле бермейтіні рас. Дейтұрғанмен байыбына бармай жатып, «вакцина салдырмаймын» деп байбалам салып жатқандар жетерлік. Бірақ, денсаулығымызды ойласақ, мұндай ұшқары ойдан аулақ болуымыз керек. Кесел басталғалы бері қанша отбасы қара жамылып қалды. Бұған дейін де халық арасында жұқпалы аурудың неше түрлісі тарағанын жақсы білеміз. Дегенмен ғалымдар оларға қарсы препараттарды ойлап тауып, адамзат баласын аман алып шығып келді. Бұл жолы да осылай болатындығына толық сенгендіктен екпе алдым.
Таңатар Дәрелұлы, журналист-жазушы: - Адамның жаны – ауырған жерінде деп дұрыс айтылған. Коронавирус кеселі мені де айналып өткен жоқ, дер кезінде дәрігерлерге қаралудың арқасында жазылып жанұяма қосылдым. Бүкіл дүниежүзі сияқты елімізге де келген аты жаман вирустың қаупі әлі де күшті болып тұр. Бұл індетпен бір жылдан астам уақыт күресіп келеміз. Қауіптілігі соншалық арамыздан қаншама арыстай азаматтарды, аяулы жандарды алып кетті. Енді, міне түрленген тәжтажал жастардың, оқушы балалардың, жаңа туған сәбилердің бойынан табылып, егделерге емес, желкілдеген жеткіншектерге де шеңгелді тырнағын аямай батыра бастады. Айтылып және жазылып жатқан кеңестерге құлақ түрейік, ағайын. Мен үшін қазағымның амандығы бәрінен жоғары. Талай қиындықтан сүрінбей аман шыққан қалың елім бұдан да өтеміз. Президентіміз айтқан «қыңыр антиваксерлердің» айтағына бола екпе алудан бас тартып, тәжтажалдың тырнағына түсіп қалмаңыз. Құдай бәрімізге қуат беріп, жақсы күнде жолығуды жазсын.
Ғасырбек Төлеген, студент: - Қытайдан басталған коронавирустың жуық арада өздігінен кетер түрі көрінбейді. Індеттің алғашқы күндерінен бастап жан-жақта оқитын студенттер үйлеріне қайтарылып, қашықтықтан білім алу жүйесіне көшті. Ғаламтор арқылы оқу ауылдық жердегілерге біраз қиындықтар туғызғанын айта кетуге тиіспін. Ана жақтан оқытушыларымның, мына жақтан менің айтқандарым бір-бірімізге дұрыс жетпей әуре-сарсаңға түскен күндеріміз көп болды. Әйтеуір, осылай әупірімдеп екінші курсым толықтай онлайн оқып шықтым. «Сабақты жеткілікті меңгеріп, келесі курсқа өттіңіздер» дейді, бірақ университеттің қабырғасында білім алғандай қайдан болсын. Менің болашақта жақсы маман болғым келеді. Сондықтан алдағы қыркүйекте қайтадан офлайн оқисыңдар дегесін «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін де алып, ұшаққа билетімді броньдап, жолжүгімді сайлап әзір отырмын. Менімен тұрғылас көптеген студенттер де осылай істеп қойыпты.
Көріп отырғаныңыздай жүргізген блиц-сауалымызға қатысқандардың дені вакцинацияны қолдайтындарын жеткізді. Алайда екпені айтқанда жауап беруден ат-тонын ала қашқандар да, өзімізге дүрсе қойғандары да кездесті. Бірақ, олар некен-саяқ.
А.НӘЖІМОВ