Екі ауылды қосатын көпір салынады

(0 Votes)

Онлайн режимде есеп беру жиынын өткізген Шортанбай ауылдық округінің әкімі Мейіржан Ғұмаров  өткен 2020 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Құрамына Шортанбай және Жасталап ауылдары кіретін округтегі қоғаммен байланыс, кедейшілікпен күрес, жұмыссыздықты азайту, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша істелген жұмыстар, қаржы жоспарының орындалысы, салық түсімдері жайлы айта келіп, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауға тоқталды. – Өткен жыл ішінде мал ұрлығы бойынша 3 қылмыс тіркелді. Бұл қылмыстық істердің үшеуі де өрістен ұрлану арқылы тіркелді. Қазіргі уақытта біреуі қысқартылып,  біреуі жабылды, ал, 1 қылмыстық іс әзірге ашылмай тұр. Көшеде, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, темекі шегу сияқты әрекеттері үшін 58 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. 8 тұлға ірі қара, түйе-жылқыларын бағусыз, қадағалаусыз жібергендері үшін жауапқа тартылды. Жыл басынан бері округ көлемінде 2 жол-көлік оқиғасы орын алып, өкінішке орай екі адам қаза тауып, екі адам әр түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды, - деген ауыл басшысы аудан әкімдігімен бірлесе отырып атқаратын 2021 жылға және жақын перспективаға арналған іс-қимыл бағдарламасын қаперге берді. Олардң қатарында Шортанбай мен Жыланды ауылдарын қосатын Шарон өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салу, жазғы ауыз су құбырын тарту, Жасталап ауылына ойын алаңын салу және округке бөлінген өрт сөндіру автомашинасын күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосу және оған жүргізуші, өрт сөндіруші штаттарын қарастыруды шешу сияқты мәселелрді атады.

Округте орналасқан сенім жәшігі арқылы тұрғындардан ауылдағы пошта бөлімшесінің жұмыс уақытының қысқарғанын айтып, оны ұзартуға жұмыстануды, Жасталап ауылындағы Жұбанов атындағы көшеге түнгі жарық орнатуды, балалар ойын алаңын салуды, ғаламтор желісінің қуатын көбейтуді сұраған  ұсыныс тілектер түсті. Бұл сұрақтарға орай округ әкімі қандай жағдайда шешімі табылатынын түсіндірген өз жауабын берді. Әлеуметтік желіден Шортанбай мен Жыланды аралығына жаяу көпір салу, өр суынан қорғану бөгеттерін жақсарту туралы сұрақтар қойылды.

Есеп беру жиынын қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Нұртаев округ бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда жұмыссыздықтың деңгейі артқанын, жұмыспен қамтуда «Бизнес-бастау» жобасы аясында несие, грант алу жоспары орындалмағанын, ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жартылай орындалғанын, қой-ешкінің саны азайғанын айтып, ауыл басшысына аталған олқылықтары жою, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу сияқты тапсырмаларды жүктеді. Әлеуметтік желіде көтерілген жаяу көпір салу мәселесі биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарламасы аясында қолға алынатындығын жеткізді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521