Екі адамды құтқарған Ертөстік

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округі Байтарал ауылының тұрғыны Ертөстік Халенов мұзға түсіп кеткен екі адамды құтқарып қалды. Оқиғаның қалай өрбігенін кейіпкеріміздің өз аузынан тыңдайық.

– Бұл жағдай 26 ақпан күні сағат кешкі 17-18 аралығында орын алды. Арғы бөлменің терезесі жағынан, жаға бойынан айқай-шу шықты. Қарасам ауламның жаға жақтағы есігін бір бала жылап жүріп ашып жатыр. «Не болды?» деп жалаң бас, аяғыма жеңіл аяқ киімді кие салып жүгіріп шықтым. Бала «Мадияр суға кетті» дейді жылап. Жаға жаққа қарасам отыз метрдей жерден, судың ортасынан бір келіншек: «Құтқарыңдар» деп айқайлады. Мұздай судан шыға алмай әлсіреп, күшін жоя бастаған екен. Содан аяқ киімімді тастай оған жүгірдім. Мен жақындағанда соңғы күшін жинап, маған қолын созды. Суда жеңіл болады ғой, оны тайып сүрініп жүріп шығарып алдым. Шығарғанда ол: «Мадияр батып кетті» деді маған. Қарасам баланың судан тек шашы мен курткасының иығы көрінеді. Өзім етпетімнен жылжысам, қолым жетпейді. Сосын, келіншекке «Аяғымнан ұста» дедім. Ол да өліп-тірілген адам ғой, «Қай жағынан?» дейді маған. Мен өстіп жатқанда салмағыммен мұз басылып, бала бермен қарай жылжыды. Шашынан ұстап шығарып, алғашқы медициналық көмекті көрсеттім. Етпетінен жатқызып, аузынан су ағызып, одан шалқасынан салып аузынан-мұрнынан дем үрледім. Сөйтіп жүргенде көрші Асланбек Каримов деген жігіт жүгіріп келді. «Ереке жалаң аяқ, жеңіл жүрсің ғой. Салқын тиіп қалар үйге барсаңшы» деді. Мен баланы қолына беріп: «Массаж жасап жылдам үйге алып келіңдер» деп жүгіріп ішке бардым да, ұялы телефонымды алып «103» нөміріне қоңырау шалдым. Атырау қаласынан көтерді. Не болғанын бәрін сұрады, айттым. Маған: «Қасыңыздағылар хабарласатын болар, телефоныңызды тастамаңыз» деді. Содан кейін баланы қырынан жатқыз, олай-бұлай ет деген кеңестер берді. Сыртқа шықсам 5-6 жігіт жиналып қалыпты. Баланы үйге әкеліп, астына төсек салып, шешіндіріп дем алысын қалпына келтіру әрекеттерін жасап едік, тамақ құсты. Артынша «Жедел жәрдем» көлігі келді. Одан кейін төтенше жағдайлар, полиция бөлімінен келіп сырттағылармен сөйлесіп, олар Асланды, мен судан шығарған келіншекті баланы құтқарғандар ретінде жазып жіберіпті. Ақпаратта қате кеткен. Полиция инспекторы тап солай, қате мәлімет беріпті. Соны көргеннен соң кеше төтенше жағдайлар, полиция бөліміне барып түзеттердім,– дейді Ертөстік Халенов бізбен әңгімесінде. Басын қатерге тіккен азаматтың ерлігі лайықты бағасын алар деген сенімдеміз.

Сөз соңында ата-аналарға айтарымыз балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Қазір мұзда ойнау қауіпті. Бұл туралы қаншама рет айтылып та, жазылып та жатыр. Мұзға ойылған баланың көрер жарығы бар екен. Егер Ертөстік Халенов басын қатерге тігіп, көмек қолын созбағанда екі адамның өмірі қиылар еді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT