Екі ұңғыма екі жылдан бері істен шыққан

(0 Votes)

Сүйіндік. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің ауданымызға жұмыс сапары Сүйіндік ауылдық округіндегі Қоянды топтық су құбырынан бастау алды.

«ҚазСуШар» РМК Атырау филиалының директоры Асыланбек Рысжанұлы:

«Бұл жерде 6 ұңғыма бар. Сүйіндік, Азғыр өңіріне қарасты 7 елді-мекенді сумен қамтамасыз етеміз. Біздің негізгі міндетіміз - су сақтау қоймаларын толықтырып, оны халыққа тапсырыс бойынша құбырлар арқылы жеткізу. Жер асты суының тапшылығына байланысты 2 ұңғыма екі жылдан бері істен шығып тұр»,- деп құбыр жүйесі және жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында мәлімет берді. Махамбет Жолдасқалиұлы су тапшылығы үлкен мәселе екенін, оны дұрыс игермесе, зардабын жазықсыз халық тартатынын ескере келе, сала мамандарымен бірлесіп, мерзіміне сай жұмысты мұқият атқаруды міндеттеді.

drger

Одан соң облыс әкімі округтегі дәрігерлік амбулаторияның жай-күйімен танысты. 2012 жылы жөндеу жұмысынан өткен ескі пункт енді жөндеудің күрделі түрін көтермейтін жағдайда. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Байдувалиев Асхан Мархабайұлы ескі амбулаторияда мамандар жетіспеушілігі туындап тұрғанын да тілге тиек етті. Осы жерде ем алып жатқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыгерей Ситханов ауруханаға берілген желдеткіш құралдары ток көздерінің көтермеуіне байланысты пайдаланылмағанын жеткізді. Округте өрт сөндіру бөлімі ашылуын, ауылдың шалғайлығына орай аудан, облыстық ауруханаларға тұрғындар барған кезде кезексіз қабылдауын барша ауылдастары атынан өтініш етті. Одан бөлек ауыл тұрғындары қызыл кітапқа енген киік жануарын сақтауды, мал ұрлығын, жолдың жайсыздығы салдарынан 3 жыл мерзімге қызметке қажетті деп полиция учаскесіне, ауруханаға берілетін көліктердің жиі бұзылатынын мәселе етіп көтерді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы бұл түйткілді жайттарды үнемі бақылауға алып, тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын алға тартты.

zhndeu-zhmystary

Өңір басшысы Сүйіндік жалпы орта мектебінің жанындағы мектеп жатақханасына табан тіреді. Мұнда қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жасалуда. Екі қабатты ғимараттың сыртқы бөлігі түгелдей жасақталған. Жұмысқа 36 адам жұмылдырылған. Ғимарат тым ескі болған соң, төбелері ауыстырылған, қабырғалары қайтадан тегістелген. Жылу тұрбалары толықтай жаңартылып, газге, дизельге қосылған. Әжетхана сыртта да, ішке де салынған. Құрылысқа жауапты «Игілік» мердігер мекемесінің басшысы жолдың ойқы-шұйқылығы мен жердің шалғайлығы әсерінен қажетті материалдарды тасу қиынға соққанын, алайда кедергілерден қаймықпай өтіп, қаржының толық игерілгенін, ғимараттың ішкі бөлігінің бітуіне 2 аптадай уақыт жеткілікті екенін айтты. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы алдағы күндерде 50 оқушының игілігіне берілгелі отырған жатақхананың құрылысын сапалы жасақтауда мердігер мекеменің атқарған ісіне көңілі толатынын білдіріп, әжетқұдық, тұндырғыш шұңқырларын тазартатын ассенизатор қажеттігін жасырмады. М.Жолдасқалиұлы сұранысқа сай жұмыстанатынын қаперледі.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521