Егіс алқаптарын аралады

(0 Votes)

Аудан әкімі Абат Жанғалиев Жаңаталап ауылдық округінде болып, егін шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтарын аралап, жағдайларымен танысты.

Осы округтің «Зормата» учаскесіндегі Саламат Сейсенәлиевтің шаруа қожалығы 6 гектар жерге егін салған. Оның 3 гектарына картоп, қалған бөлігіне қияр, қызанақ, қарбыз, қауын өсіруде.

Егіс алқабын суару үшін жағаға мотор қойылған. Қожалық басшысы егіннің шығымы жақсы екенін, отбасымен жұмыс жасайтындарын, өнімдеріне сұраныс барын айтты. Бұрын аудан орталығына апарып сатып жүрген, қазір бағасы көңілге қонымды, әрі ешқандай химикат қосылмаған табиғи таза өнім болған соң Ғизат Әліпов, Ақкөл ауылдарының тұрғындары өздері келіп алып кетеді.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы өз қаражаттарымен, ешқандай көмек алмай жұмыс жасап отырған қожалық иесіне ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие алғаны тиімді екенін жеткізді. Ол үшін қыста, шаруадан бос уақытта кәсіпкерлікке оқып алса болғаны. Шешімін күткен қандай мәселелері барын сұрады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах «Ауыл аманаты» жобасы жайлы қысқаша түсінік беріп, округ әкімі Сұңғат Бірәлиев бұл істе шаруагерге қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді. Өз кезегінде шаруа қожалығының иесі аудан басшысынан «Шағыл өткел» арқылы жеңіл көлікпен қатынау қиын болып отырғанын айтып, сол жерге шағын көпір салуға ықпал етуін өтінді. «Первомай» учаскесіндегі шаруа қожалығының иесі Бақытжан Амиров былтыр көп балалы отбасы ретінде пияз егуге 1 млн. 380 мың теңгенің грантын алған. Қазір шаруасын дөңгелентіп отыр. Голланд тұқымды пияз дәндерінің 2 түрлі сортын Тараз қаласынан әкеліп салған, олардың бәрі жайқалып тұр. Айтуынша пияздың бұл түрі өсіруге тиімді. Қыркүйек айының 25-іне қарай алғашқы өнімі жиналмақ. Оған дейін кіріс-шығысын өтеу үшін қарбыз да еккен. Өнімдерін өткізу үшін WhatsApp қосымшасынан арнайы чат ашып, Хиуаз, Нұржау, Ақкөл ауылдарын қамтуда. Чатқа түскен сұраныс бойынша жеткізіп береді. Уазих Дәулетовтің шаруа қожалығы 6 гектар жерге қарбыз, 4 гектарға қауын, 0,5 гектарға басқа да көкөніс түрлерін еккен. Мұнда кеш пісетін қияр түрлері де бар. Қарбыз, қауын, қиярларын аудан орталығына апарып та сатады. Бағасына келсек, қарбыз 120-150, қияр 150 теңгемен ұсталуда. Егіс алқабы тамшылатып суарылады. 2007 жылдан бері Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжімен тығыз байланыс орнатқан. Жер жыртуға колледж техникалары тартылады. Әңгіме барысында шаруашылық басшысы агроколледж студенттерін егінде тәжірибеден өткізіліп, топырақтан сынама алынып, оның құнарлылығын арттыру бағытында зерттеу жасалса деген ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, егін басында жұмыс жасап жүрген жастар Ноғайбек Шынайбек, Рысбек Уазихов, Нұрасыл Салауатов, Нәдір Құбаевқа ризашылығын білдірді. Уақытын бөліп келіп, жағдайларын біліп жатқан аудан басшысына жемісті еңбек тіледі.

480 бас мүйізді ірі қара өсіретін «Балташ» ШҚ басшысы Тілекқабыл Қарамалаев 120 гектар жерден қысқы мал азығын дайындауды бастап кетіпті. Осы арада 5 мың рулон байланбақ. Оның артығы 4-5 мыңмен сатуға шығарылады. «Қазагро» мекемесі арқылы жаңа техникалар алған. Шаруагер қыста жылу қазаны операторы болып жұмыс жасап, жазда босайтын 4 адамды жұмысқа тартқан. Аудан әкімі Абат Жанғалиев аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах пен Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бірәлиевке келесі көктемде егін егемін дегендерге жағдай жасап, жерді арнайы техникамен жыртып, су тартып беруді қолға алуды тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT