Егемендіктің алғашқы қарлығашы

(0 Votes)

Сонау, Кеңес Одағының құрсауы шытынап, қабырғасы қақырай бастаған 1990 жылдың  25 қазанында  Қазақ КСР Жоғары кеңесінің №307-ХІІ жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының  егемендігі туралы Декларация қабылданды.

Декларация Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде егемендігі мен саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Сол құжатта алғаш рет  Қазақстанның саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және  Қазақстандағы  басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын барлық іс-әрекеттің заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелерді ешкімнің араласуынсыз дербес шешетіні паш етілді. Сол кезден  Қазақстан егеменді елге айналуының алғышартын бастап кетті. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі  бекітілді.

Әрине, ол уақытта КСРО құрамындағы  бодандық қамытынан айырыла қоймаған 15 елдің бірі  болдық. Десек те, егемен елміз дегеннің өзі бұрын болмаған жаңалық еді. Сондықтан, оны халық жақсы қабылдады. Қабылданған декларациядағы сөздер жанымызды серпілтіп тастады. Енді, көп нәрсені Мәскеу емес, Алматыдан  шешеміз деп ойладық. Соның өзі неге тұрады? Декларацияны оқыған кейбір ауылдастарым көзі ашық, көкірегі ояу адамдардан: «Енді не болады? Одақтан бөлінеміз бе? Жеке мемлекет боламыз ба?», деп сұрап жүргендері есімде. Әрине, ол уақытта осындай сөздер айтылғанымен, тәуелсіздігімізді 1991 жылы жариялайтынымызды білген жоқпыз.

Тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 қазандағы «Қазақстан Республикасының мерекелік күндері туралы» жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді. Ол дұрыс шешім де есептеймін. Өйткені аталған күн егемендіктің алғашқы қарлығашы. 2001 жылғы 13 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, онда 25 қазан мемлекеттік мереке ретінде аталып, тойланып жүрді. Бірақ, 2009 жылы 22 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңға өзгерістер енгізу» туралы заңға қол қойып, Республика күнін мерекелер қатарынан алып тастады. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында  Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. 2022 жылғы  29 қыркүйекте Президентіміз «Қазақстан Республикасының кинематография, мәдениет және мерекелерге қатысты кейбір заңнамалық  актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, Республика күніне ұлттық мереке статусын қайтарды. Көп ұзамай парламент ол заңды қабылдады. Осыған сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні ретінде тойланады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, бұдан былай бодандық қамытынан құтылу үшін күреске  зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтеді дегенін қолдаймын.

Балғаным Хасенова,
«Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы  аудандық аналар кеңесінің төрайымы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT