Егемен ел – еңселі ұлт

(0 Votes)

Республика күніне орай орталық алаңда мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті.

Әнұранымыз ойналып, әскери қызметкерлер көтерген көк байрағымыз ту тұғырының биігінде желбірегіннен кейін мерекелік шара «Егемен ел – еңселі ұлт» салтанатты жиынға ұласты.

Аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау сөз сөйлеп:

– Бүгін біз ел тарихындағы ерекше мереке – Республика күнін кең көлемде атап өтудеміз. Биыл осы айтулы күнге 35 жыл толып отыр. Бұл халқымыздың еркіндікке, елдікке деген асыл арманын жүзеге асырған, мемлекеттігіміздің бастауы болған ұлық күн. Бүгінде егемен Қазақстан әлемге танылған, дамыған, бейбітшілік пен келісім орнаған мемлекет. Бұл жетістік – халқымыздың бірлігі мен еңбегінің, ынтымағы мен жасампаз рухының нәтижесі. Осы мерекеде сіздердің әрқайсыңызға шынайы алғысымды білдіремін! Ауданымыздың өркендеуі мен еліміздің дамуына қосқан еңбектеріңіз – Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз берекелі болсын, – деп, бір топ адамды марапаттады.

Ақкөл орта мектебінің мұғалімі, аналар кеңесінің мүшесі Виктория Халменова «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен, Н.Манаев орта мектебінің мұғалімдері Төремұрат Сисенғалиев, Асылмұрат Төремұратов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен, төтенше жағдайлар бөлімінің ардагері Сәкен Хабибуллин Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасымен, республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларының бас жүлде иегері, Ақкөл орта мектебінің оқушысы Амина Темірханның анасы Гүлдана Ахметова аудан әкімінің Алғыс хатымен және облыс әкімі атынан естелік сыйлықпен ұлығыланды. Баскетболдан ауданымыздың мерейін көтеріп жүрген Н.Манаев орта мектебі оқушыларының қыздар командасына «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» куәліктері, спорттық киім, отыздың үстінде адамға аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы дала өртін сөндіруде белсенділік танытып, бес күн бойы жалынмен алысқан шекара, төтенше, жағдайлар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерін, кәсіпкерлерді марапаттау барысында олардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева өз тарапынан Атырау облыстық мәслихаты төрағасының Алғыс хатымен аудандық мәслихаттың VIII шақырылымы депутаттары Болатбек Өтегенов, Нариман Қайрошев, Қадыр Мырза Әлі, Дина Нұрпейісова орта мектептерінің директорлары Сабыржан Жұпарғалиев, Гүлжан Амирова, бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Төлегенова (Панфилов), информатика пәнінің ұстазы Майра Түсіпқалиева, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен бір топ адамды марапаттады. Шара барысында аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы тамашаланды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT