Еңбектері еленіп, есімдері көшеге беріледі

(0 Votes)

Бөкейхан ауылдық округінде көше атауларын беруге арналған жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, көшеге аттары берілгелі отырған соғыс және еңбек ардагерлерінің ұрпақтары қатысты.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап:

– Ауылдың өркендеуіне, экономикалық дамуына үлес қосқан Дүйсенбай Сатылғанов, Қайырмолла Қалиев, Латип Құрманбаев, Өтепберген Исмағұлов, Назымбек Аймашев ағаларымыздың есімдері жаңадан ашылған көшелерге берілгелі отыр. Бұл Бөкейхан ауылдық округінің тұрғындары үшін үлкен мәртебе және мақтаныш деп ойлаймын. Бүгінгі шара жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, ел үшін аянбай еңбек етуге шақыратыны сөзсіз. Оларға бұл ағаларымыздың өмір жолы өнеге болатыны анық. Мемлекет басшысының ұстанымында өнер адамдарын насихаттау, олардың жүріп өткен жолын жас ұрпақтың санасына сіңіру бірінші орында. Барша ауыл тұрғындарына бақытты ғұмыр, отбастарыңызға амандық тілеймін!, – деді.

Келесі кезекте Өтепберген Исмағұловтың ұрпағы Якуб Исмағұлов сөйлеп:

– Алла бұйыртса ауылымызда үлкен мөлтек аудан құрылады. Оның көшелеріне елге еңбегі сіңген аға-апаларымыздың есімдері беріледі. Олардың ұрпақтары бүгінгі шараға қатысуда. Есімдері көшеге берілгелі отырған адамдардың қалай еңбек еткенін біз білеміз. Таңертеңнен кешке дейін мал бағып, пішен шауып, балық аулап, егінде бел жазбай жұмыс жасады. Ауылдан сонау Москваға дейін қауын-қарбыз, қызан, Владивостокқа дейін балық жіберді. Сол еңбектері қазір еленіп жатыр, – деп ризашылығын білдірді.

Осындай ізгі тілектер Л.Құрманбаев, Н.Аймашевтің ұрпақтары Айман Құрманбаева, Марат Назымбекұлы, Қ.Қалиевтің жиені Сабыржан Жұпарғалиевтың тарапынан да айтылды. Дүйсенбай Сатылғановтың немересі Нұргүл Сатылғанова бір топ адамға ұрпақтары атынан Алғыс хаттар табыстады. Шараның екінші бөлігі аудан өнерпаздарының орындауындағы концертке, еске алу дастарханына ұласты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT