«Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының ұйымдастыруымен облыс ұстаздарының арасында «Дарынды балаларға - талантты ұстаз» олимпиадасы өтті. Оған өңірдің барлық қала мен аудандарынан 39 мұғалім қатысты. Педагогикалық олимпиаданың негізгі мақсаты – жас педагогтердің шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге мұғалімдердің кәсіби көзқарасын қалыптастыру.
Олимпиада TED стилінде өтіп, ұстаздар тың идеялармен бөлісті. Сонымен қатар, байқау «Жас педагог», «Жас психолог» және «Жас тәлімгер» номинациялары бойынша сараланды. Әр кезеңде тәлімгерлер тиісті тапсырмалар орындады. Жарыс нәтижесінде «Жас педагог» номинациясының гуманитарлық бағыты бойынша қатысқан Құрманғазы ауданы, Еңбекші жалпы орта мектебінің мұғалімі Диана Болатова әріптестерінен озық шығып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Бүгінде олимпиаданың республикалық кезеңіне дайындалып жатқан жас маманның педагогикалық өтілі 2 жыл. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Облыс намысын қорғағалы отырған құрманғазылық ұстазға республикалық додада сәттілік тілейміз.
Айнагүл Шакупова



