UTEBAYEV UNIVERSITY-де химия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор Серіков Төлеуіш Пауеденұлының ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны ашқан университет ректоры Гүлзада Шакуликова профессор Серіковтің ғылыми мектебі қалыптасып, еңбектері жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп отырғанын атап өтті. «Серіков оқулары» ғалымның ғылыми мұрасын насихаттау ғана емес, жас зерттеушілерге жол көрсететін, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналып келеді. Бұл іс-шара биыл екінші рет өткізіліп отыр.
Конференцияда Каспий маңы өңірінің тұрақты дамуы, мұнай-газ-химия саласындағы инновациялық технологиялар, экологиялық қауіпсіздік, ғылым мен өндіріс интеграциясы, кадр даярлау мәселелері талқыланды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ректоры Саламат Идрисов өңірлік ғылым мен білімнің дамуы университеттер арасындағы серіктестікке тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, Каспий маңы мемлекеттері университеттері қауымдастығы атқарушы директоры Юрий Пименов және Әзербайжан, Ресей, Малайзия, Қытай елдерінің профессорлары онлайн режимде қатысып, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды.



