Еңбекшілік Бекжан - халықаралық дәрежедегі маман

(0 Votes)

Ғылым жолында сәтті қадамы басталып келе жатқан жерлесіміз Бекжан Азаматұлын мақтанышпен айта аламыз. Ол 2000 жылдың шілде айында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Үштаған ауылында дүниеге келген. 2005 жылы ата-анасымен бірге Жұмекен ауылына қоныс аударып, 2007 жылы Еңбекші жалпы орта мектебінің алғаш табалдырығын аттады. Жастайынан зерек, ғылым-білімге құштар болып өскен Бекжан мектепте жақсы оқып, қатарластарының алды болды. Өмір айдынында еркін жүзуді мақсат ете жүріп Бекжан ата-ана үмітін ақтауды ойлады. Әкесі Азамат Есболсынұлы такси жүргізушісі болып еңбек етсе, анасы Ақжан Жәрдемғалиқызы аудандық ауруханада тазалықшы болып жұмыс жасаған. Бауырлары, яғни алдыңғы екі әпкесі тұрмыста. Отбасының материалдық жағдайы шектеулі болса да, зерек те зерделі Бекжан білімге деген құштарлығын ешқашан жоғалтпады. Ағылшын тілінің ақылы курстарына баруға мүмкіндігі болмағанымен, өздігінен ізденіп, арманына жетуге тырысты. 2018 жылы асқар тау әкесінен айырылды. Сол жылы 11 сыныпты тәмамдаған Бекжан Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжіне қабылданып, "Аударма ісі" мамандығы бойынша 2020 жылы оқуын үздік (қызыл дипломмен) аяқтады. Таудай талап арқалаған ол одан әрі оқуын жалғастырып, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне оқуға түсіп, бакалавр дәрежесін алды.

Әрбір талантты баланың артында оның талабын ұштап, қанаттандыратын ұлағатты ұстаз тұратыны анық. Бекжанның педагог болуға деген қызығушылығын оятқан — алғашқы ұстазы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сұлушаш Мұсақызы. Мұғалімінен көрген шабыт, сенім мен қолдау Бекжанның жүрегінде үлкен мақсатқа айналып, оны педагогика жолына жетеледі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман өз туған жерінен қызмет етуді мақсат тұтып, Асан, Ақкөл және Қиғаш ауылдарындағы жалпы орта мектептерде алғашқы еңбек жолын табысты бастады.


Бала кезінен шетелде білім алуды армандаған Бекжан екі мәрте шетел университеттеріне құжат жіберіп, емтихан тапсырып көрді. Нәтиже үмітін ақтамаса да, талпыныс тоқтамады. Мұратына ұмтылған алғыр жігіт 2023 жылы Түркия мемлекетінен білім алу мақсатында ресми шақырту алды. Алдына жоғары ізденіс пен биік мақсат қойған Бекжан қазіргі таңда Түркияда «Білім беру басқармасы және Менеджмент Бақылаушы» мамандығы бойынша білім алуда.


2024 жылы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінде кәсіби тәжірибеден өтіп, кейіннен Германияның Вольфсбург қаласы, Испания,  Франция астаналары Мадрид, Париж, Италияның Милан, Жапонияның Токио қаласында іс-тәжірибеден өтті. Бұл елдерде ол білім беру жүйелерін, менеджмент саласындағы жаңа тәсілдер мен инновациялық әдістемелерді зерттеуді қолға алған. Токио мен Париждегі жетекші оқу орындарында өткізген іс тәжірибелері оған халықаралық деңгейде білім беру мен менеджменттің алдыңғы қатарлы әдістерін меңгеруге мүмкіндік берді. Германия мен Испаниядағы түрлі ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс жасай отырып, ол бірнеше халықаралық жобаларға қатысып, өз саласында сарапшы ретінде танылды. Бекжанның шетелдегі тәжірибесі оның кәсіби дамуына зор әсер етіп, білім беру мен менеджмент саласындағы әлемдік стандарттарға сай жаңа идеялар мен тәсілдерді елімізге енгізуге мүмкіндік берді.


Бүгінде Бекжан Азаматұлы — халықаралық деңгейдегі беделді білім ордалары мен компаниялардың назарын аударып жүрген жас маман. Соның ішінде, Франция астанасы Париж қаласындағы Paris American International University университетінен пост-доктор қызметіне ресми шақырту алған. Бекжанның бүгінгі жетістігі – қарапайым ауыл баласының білім мен ғылымға деген адалдығының, арман-мақсатқа деген талпынысының, табандылығының жарқын үлгісі.
Бүгінде оның халықаралық деңгейдегі маман ретінде қалыптасып, Қазақстанның білім саласына өзіндік үлесін қосуға атсалысып жатқаны бізді қуантады.


Сонымен қатар, Бекжан Азаматұлы білім беру саласындағы тәжірибесін тек ғылыми зерттеулермен шектемей, практикалық деңгейде де жүзеге асырып келеді. Ол жастарға арналған тіл үйрету курстарын ұйымдастырып, көптеген жасөспірімдер мен студенттердің шет тілдерін меңгеруіне мүмкіндік жасады.


Бұдан бөлек, ол шетелде білім алғысы келетін талапкерлерге университеттерге құжат тапсыру, қабылдау емтихандарына дайындық және оқу орындарына бейімделу бағытында кәсіби көмек көрсетеді. Оның қолдауымен көптеген жастар Түркия, Еуропа және Азиядағы беделді жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болды. Бұл қызметтері Бекжан Азаматұлының тек ғылым мен басқару саласында ғана емес, сондай-ақ жастардың болашағына жол ашуда да маңызды үлес қосып отырғанын айқын көрсетеді. Ендеше, келешегінен зор үміт күттіретін ғылым жолына бағыт алған жерлесіміздің алдағы жоспарларының сәтімен жүзеге асуына тілекшіміз.


Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT