Еңбек адамдарына құрмет

(0 Votes)

Аудан әкімі Абат Жанғалиев құрылыс және орман шаруашылығы салаларының ардагерлері Әділ Сәрсенғалиев пен Меңдіғали Жолмұхановты зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдады.

Алдымен өңірдегі құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өз ісінің шебері Әділ Қисамеденұлының өмірбаянымен таныстырды. 1981 жылы Гурьев темір жол техникумының «Құрылыс және жөндеу» факультетін тәмамдаған мерейгер 1983-1994 жылдары СПМК-122 мекемесінде құрылыс мастері, прораб, учаске бастығы қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап жеке кәсіпкер. Ауыл құрылысының жаңа заман талабына сай салыну бағытында ізденіспен еңбектенген білікті маманды аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы қызу құттықтап, алғыс хатын табыстап, сый құрметін көрсетті.

40 жылдан аса орман шаруашылығы саласында еңбек өтілі бар Меңдіғали Шопанұлы 1979 жылы бұрынғы Теңіз ауданы «Ауыл шаруашылығы, орта кәсіптік-техникалық» училищесін тракторшы мамандығы бойынша бітірген. 1982 жылы әскер қатарынан келгеннен кейін қазіргі Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемеге жұмысқа қабылданып, 2000 жылға дейін тракторшы, одан кейін орманшы болып еңбек еткен. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ІІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. ҚР ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің Құрметті ардагері төсбелгісі және өзінің алғыс хатымен ұлығылаған аудан әкімі Абат Жанғалиев  еңбек адамының иығына шапан жапты. 

 

Соңында Әділ Қисамеденұлы мен Меңдіғали Шопанұлы зейнеткерлік жастарын елеп-ескеріп,  қабылдау өткізіп жатқан аудан басшысына зор ризашылықтарын білдірді. 

Айнагүл Күнұзаққызы     

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521