Еңбекшіліктерді ауыз су мәселесі алаңдатады

(0 Votes)

Өткен әзірде Құрманғазы аудандық Телеграм чатына Еңбекші ауылының тұрғындары ауыз судан жағымсыз иіс пен кәдімгі дусттың дәмі шығатыны жөнінде шағымданып дабыл қаққан болатын.

Мән-жайдың анық-қанығын білу үшін шұғыл түрде аудан көлемінде арнайы мамандармен комиссия құрылып, тексеріс жүргізіліп, орын алған жағдай жан-жақты тұрғыда зерделенді. Аудан әкімінің қолдауымен күні бүгінге дейін оны қалпына келтіру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынды.

Осыдан бір ай бұрын комиссия құрамымен Еңбекшіге барғанымызда, жаға бойына жақындағанда расымен де ауаны дусттың иісі алып кетті. Судың түсі де жасыл түске боялған, мекеменің сорғысы орналасқан айналаны балдыр қаптаған. Ауылдық округ әкімі Руслан Әмірханов аталмыш мәселе орын алғаннан кейін Жұмекен су тазарту қондырғысы мекемесі мен Сурхан өзенінің ашық су қоймасынан 2 рет сынама алынып, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК аудандық филиалының зертханасына тексеріске жіберілгенін алға тартты. Алғашқысында зертхана нәтижесімен судың сапасына қатысты сәйкессіздіктер анықталуына байланысты су жинау резервуарына дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, қайтадан сынама алуды ұйымдастыру қорытындысы берілді. Келесі зертхана қорытындысы жақын арада шығады деп күтілуде.

su-ebeksh

Күні бүгінге дейін Мақаш, Еңбекші ауылдық округтеріне 24 сағат бойы су беріліп отыр. Бірақ, оның бойынан жағымсыз иіс пен дәм әзірге кеткен жоқ. Аудандық мәслихат депутаты Бержан Кенжебаевты сөзге тартқанымызда, бізге мұның жай-жапсарын былайша түсіндірді. – Қазіргі таңда су мәселесі тұрғындардың бас ауруына айналды. Қалыптасқан жағдайдың себебін анықтап көрейік. Биыл су мол келгенімен, оның кері қайтуы баяу болды. Оның үстіне ағыстың жоқтығынан, өткен әзірде күннің ыстығына қызған судағы балдырларда шіру процесі орын алуда. Соның салдарынан тіршілік нәрінен жағымсыз дәм мен иіс шығып, түсі де жасылға боялуда. Бұл жерден балықтар мен құстар еш зардап шеккен жоқ. Ең бастысы, біз мына жерді қаптаған балдырларды жоюмен айналысуымыз қажет. Өзенді ағысты арнаға қосу үшін қазу жұмыстары басталғалы отыр екен. Оны да естіп қуанып жатырмыз. Бұл да үлкен көмегін тигізетініне сеніміміз мол, - деген құнды пікірін ортаға салды. Су Жұмекен су тазарту қондырғысы арқылы 8 сүзгіден өтсе де дәмі сол қалпында өзгеріссіз қалуда.

Бүгінде аудан көлемінде түп тереңдетумен айналысып жатқан «Павлодар өзен порты» мекемесі Сурхан каналының бастау алатын тұсы, яғни, Нұржау ауылдық округінің маңындағы тайыздап қалған жерлерінде қазу жұмыстарын бастағалы отыр. Арнайы техникалардың көмегімен балдырлар шабылып тазаланады. Сонымен қатар, «Атырау Сушар» мекемесі арқылы сусорғы орнатылды, «Кобяков-Забурын» каналы арқылы су жіберіп отырған екі құбырдың біреуін Сурхан өзегіне бағыттап, су ағысын реттеу үшін де арнайы құрылғы қойылатын болады. Аталған жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін берсе жергілікті тұрғындарды алаңдатқан ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады деген үміттеміз.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521