Ауданда тоқсан сайын өтетін әкімдердің халық алдында есеп беру жиыны басталған болатын. Онда атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған міндеттер таныстырылып, тұрғындардың талап-тілегі тыңдалады,- деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Дыңғызыл ауылдық округі әкімі Оралбай Нұржаубайұлы ауыл тұрғындарының алдында ІІ тоқсан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, алда тұрған міндеттермен бөлісті. Есептік жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Ғаділханұлы, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Ауыл әкімі баянат еткендей, биыл Ғ.Әліпов ауылына медициналық пункт салу үшін жер телімі беріліп, келесі кезекте облыстық құрылыс басқармасы арқылы жобалық-сметалық құжаттарын жасауға қаржы сұратылуда. Сонымен қатар, Әліпов елді мекенінен 100 орындық мәдениет үйі құрылысына жобалық-сметалық құжаттама аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда құрылысына қаржы көзі қарастырылуда.
Бұдан бөлек, Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты елді мекендердің электр желілерін және бағаналарын жаңарту мақсатында күні бүгін қаржы бөлініп, жеңімпаз анықталып, жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Осы және басқа да ауылға қатысты абаттандыру, бөгеттерді бекіту, көше тазалығы бағытындағы жұмыстарды қамтыған баяндамасынан соң, ауыл әкімі кезекті тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерге берді.
Жергілікті тұрғындар ауыл тазалығы, жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігі, мектеп оқушыларын тасымалдайтын автокөліктің тозығы жетуі, интернет желісінің қызметі турасында мәселе қозғады. Қойылған сауалдарға округ әкімі мен тиісті бөлім басшылары жауаптарын берді. Ал, аудандық аурухана басшысының уақытша міндетін атқарушы Саида Уахапқызы "жедел жәрдем" көлігіне қатысты, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ауданға 5 жаңа "жедел жәрдем" көлігі берілетінін, соның ішінде ауданнан шалғай осы ауылға бір жаңа көлік тиесілі екенін қаперге берді.
Ауылдық округ көлемінде атқарылып жатқан жұмысты саралаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев ауылдың көркеюіне барлық азаматтар белсенділік таныту керек деді. Сондай-ақ, таяуда қолданысқа берілген "Жыланды-Шортанбай" жаяу жүргіншілер көпіріне қазіргі кезде түнгі жарықтар орнатылғанын айтып, оны күтіп ұстау осы ауыл тұрғындарының да қолында екенін қаперледі.
Сонымен қатар, алда тұрған басты міндет ауылға жол , жастарға спорт алаңдарын салу екеніне тоқталды.