Жаңаталап ауылдық клубында аудандық өнерпаз, дәстүрлі әнші-термеші Руслан Исмагуловтың «Бабадан қалған ғаламат, ән-терме, толғау аманат» атты шығармашылық кеші өтті.
Шараның шымылдығы С.Көшекбаев мәдениет үйі жанынан құралған «Жиделі» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем» күйімен ашылды.
Жүргізушілер Самат Саламатов, Жазира Сәрсенғалиева халықтық дәстүрлер негізіндегі терме өнерінің жаңғырып, кең құлаш жаюына өзіндік үлесін қосып, өнер жолында жүргеніне 20 жыл толып отырған Руслан Сүндетұлын көрерменнің қошеметімен ортаға шақырды.
Балқұдық ауылының дүниеге келген ол орта мектепті бітіргеннен кейін Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің халық аспаптар бөліміне оқуға түсіп, 2001 жылы балалар музыка мектебінің оқытушысы, әнші-термеші мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 2002 жылы Құрманғазы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде әнші-термеші болып бастады. 2005-2012 жылдар аралығында Балқұдық ауылдық клубында әнші-термеші болып жұмыс жасап, бір жылдың үстінде клуб меңгерушісі қызметін атқарады. 2012-2015 жылдар аралығында Құрманғазы ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы балалар өнер метебінде дәстүрлі ән педагогы қызметін атқарады. 2015 жылдан бастап күні бүгінге дейін Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебінде дәстүрлі ән педагогы болып, шәкірт тәрбиелеуде.
2023 жылдың маусым айынан бастап Жаңаталап ауылдық клубында дәстүрлі әнші болып еңбек етуде. Кеш кейіпкері бозбала шағынан мәдениет пен өнер, білім саласын дамыту жолында қызмет етіп келе жатқан еңбегі үшін жылдар бойы түрлі марапаттарға ие болды.
Құттықтау сөз алған ауыл әкімі Сұңғат Бірәлиев өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, естелік сыйлығын ұсынса, Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебінің директоры Жанаргүл Ғасырбекқызы, С. Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Жалғас Сабыржанұлы, Руслан Сүндетұлының ұстазы, мархом Құттымұратов Пахаман ағамыздың бауыры Саламат Бүркітбаев пен Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің директоры Милана Қадірқызы ақжарма тілектерін ақтарып, құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеш иесіне арнап замандастары Гүлзада Тілегенқызы, Қадыржан Хасанов, Құралай Кудиярова, Дайынбек Ризабек пен Дәулеткерей балалар музыка мектебінің «дәстүрлі ән» класының шәкірттері өз өнерлерін ортаға салып, шараның көрігін қыздырса, студент шәкірттері бейнебайланыс арқылы ыстық сәлемдемелерін жеткізді. Кешті клуб директоры Болат Бидоллаев, кәсіподақ төрайымы Гүлзада Жұмалиева қорытындылап, сый-сияпаттарын табыстады.
Айнагүл Күнұзаққызы