Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған достық эстафетасын 1 наурыз – Алғыс айту күнінде Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұханбетов Жылой ауданына салтанатты түрде табыстап, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен фестиваль өткізу бастау алған болатын.
Көп ұлтты Қазақстанның достығын әйгілейтін бұл эстафета кейіннен Мақат, Қызылқоға ауданында жалғасып, Құрманғазы ауданына келді.
Осыған орай С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Жазиралы Қазақстан – татулықтың құт мекені» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Құрметті қонақтарды және қызылқоғалық делегацияны ауданды мекендейтін өзге ұлт диаспорасы өкілдері дәм-тұзбен қарсы алды. Мәдениет үйінің фойесіне ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, «Жиделі» фольклорлық ансамблі өнерін көрсетті.
Санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып өткен шараны аудан әкімі Қайрат Нұртаев қош келдіңмен ашып, жиналғандарға құттықтау тілегін арнады. – Ассамблея шын мәнінде этносаралық келісімді, қоғамдық толеранттылықты нығайтуға бағытталған кешенді қызмет атқаратын бірегей институт. Ұлтттық қауіпсіздікті жетілдіру, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту Үкіметіміздің басым бағыттарының бірі. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі бүгінгі күні аса маңызды. Этнос өкілдерінің тілдерін дамытуға, салт-дәстүрлерін, мәдениетін сақтауға, медиацияны өркендетуге де өз үлестерін қосып келеді. Оның мақсаты қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті, қазақстандық бірегйлікті қалыптастыруда азаматтық институттардың, қоғамдық саяси бірлестіктерддің күш-жігерін шоғырландыру болып табылады. Елімізде құрылған қоғамдық келісім кеңестері билік пен халық арасындағы алтын көпір іспеттес, құрамында 12 мүшесі бар аудандық келісім кеңесі, 19 ауылдық округтегі филиалдары бұл жұмыстарды белсенді атқаруда, - деген аудан басшысы достық миссиямен келіп отырған Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиевке құттықтау хатын, ескерткіш сыйлығын ұсынды. Өз кезегінде қызылқоғалық әкім Нұрсұлтан Орақұлы құрманғазылық әріптесіне Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған достық эстафетасының нышанатын табыстады.
Атырау облысы бойынша қоғамдық келісім төрағасы Нұржан Ермұханов Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған әлемде теңдесі жоқ ұйымның ширек ғасыр ішінде атқарған жұмыстары, оның құрамдас бөлігі облыста ашылған кіші Ассамблея, ол біріктіретін ұлттық-мәдени орталықтар, этномәдени бірлестіктердің өңірімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілерінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дамытудағы ролі жайлы сөз қозғады.
Жүрекжарды тілегін қазақ тілінде әдемі жеткізген Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны, орыстың қызы, қазақтың келіні Людмила Есеркенова сөзінің соңын сәлем салумен тәмамдап жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
Ауданға танымал өнер жұлдыздары қойған концертте әуесқой әнші Татьяна Горбачева «Цвети, земя моя» әнін тамылжыта орындады. Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары Алина Макпузова, Атхамбек Оллабергенов, Альбина Қабекешова, Жансая Хамзақызы Абай өлеңдерін жатқа оқып, «Қарлығаш», «Наз» би топтары достық билерін тарту етті.
Қызылқоға ауданынан қабылдап алған достық эстафетасы үш күн күй елінде болып 13 қарашада Дендер топырағына жол тартады.
А.НӘЖІМОВ