Дос қадірі немесе үнсіздік

(0 Votes)

Бүгін жерлес жазушы-ағамыз Рахымжан Отарбаевтың туған күні.

Тірі болса ағамыз мерейлі 65 жасына толар еді.
"Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді..." Өз сөзі. Сол мың сәйгүліктің біріне тақым қысып артына мың-сан қиқу ілестіріп, өзі де бірге кеткендей. Бізге қалғаны- жүрегіңе мұң артпай оқуға келмейтін сөзі, санаңа жарқыл салып тұратын ойлы, мұңды көзінің жұмсақ, жып-жылы мейірімі ғана...

Редакция

Азға іні, кейінгіге ағасың,
Арыны кем, сен бір түскен сабасың.
Таба алмасаң кімге кінә артасың,
Ниеттенсең керегіңді табасың.
Кейбір жайлар жанды әнтек қинайды, ә?!
Сай болмаса бөркің қалар сыймай да.
Өзіңе сай болу керек бәрі де,
Алған көлік, тағы басқа, үй-жай да.
Бәрі керек, қалғанынша жағың бос,
Осы жолда отқа түскен жаным жоқ.
Әйтеуір бір көштен қалмас тірлік бар,
Маңдайыма біткен кетті нағыз дос.
Бала күнгі досым еді, ел білген,
Жасырмаймын, сүйеніп те келдім мен.
Ол алыстан, мен ауылдан табылып,
Қатар өстік құрақтай бір желкілдеп.
Жалпағынан жаһанды ол басқанда,
Аласарып қалатындай аспан да.
Дос қадірін алабөтен сезіндім,
Уыс-уыс ол мейірім шашқанда.
Көлшік емес көңіліне тоямын,
Дара болмыс көрмеген бір боянып.
«Жасадың ба жан досымдай жақсылық?»
Әке –рухқа деп те сауал қоямын.
Сүйендің бе, жасай алар сый бекем,
Құдайым-ау, көзің қайтып қиды екен?
Жер дүние кейде тарлық ететін,
Қусырылып көрге қайтып сыйды екен?
Үш жыл бұрын алдың ажал тосын кеп,
Арыстан ғой, жау тигендей шошынды ел!
Бала күнгі бауыр басқан досым жоқ,
Сабылмаймын енді қайта дос іздеп.
Кей көздерге көрінемін «әлі жүр»,
Қалай өлдің, болмаған соң жаны бір.
Аз қалғанда дос іздеудің мәні не?
Тап ондай дос табылмайды бәрібір.
Арты қалды, жұбын жазбай бірлігі,
Шаңырағында немерелер-күлді күн.
Сүйсінді әлем сөз-жырына өзгеше,
Алға шығып жан жарының тірлігі.
Қалған күнде доссыз енді жүресің,
Дос қадірін одан әрмен білесің.
Дәмелендім, бір ауыз сөз айтар деп,
Барғанымда тауып кейде ретін.
Әлде Тәңір солай желеп-жебеді,
Үнсіздігі жаныңа мұң егеді.
Бір ауыз сөз дәм етумен келемін,
Сол үнсіздік, ештеңе де демеді.

Таңатар Дәрелұлы,
бала күнгі досы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521