Өңірде «Бекіре-2024» іс-шарасы аясында балық аулау қағидаларын бұзған отызға жуық тұлға жауапқа тартылды.
Бекіре және басқа да балық түрлерін заңсыз аулаудың, олардың айналымын анықтауға және жолын кесу мақсатында 10 қыркүйекте Жайық-Каспий бассейні аумағында жыл сайынғы «Бекіре-2024» жедел профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі басталды. Осы орайда, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Құрманғазы ауданының азық-түлік дүкендерінің бірінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 1995 жылы туған ер адам ұсталды. Тексеру барысында салмағы 27 келі 620 грамм болатын бекіре тұқымдас балық өнімдері тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодекстің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.
Жалпы, облыстық полиция деапртаменті Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы, 1-бөлігі, яғни, балық аулау қағидаларын, сондай-ақ, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылығы бойынша 25 азаматқа әкімшілік хаттама толтырды.
Әділет АМАНГЕЛДІ