Діни фанатизм – қоғамға түскен үлкен дақ!

(0 Votes)

Діни фанатизмнің ақыры – терроризм. Екі бөлек терминді бөліп айтқанымен, соңы – бір мақсат. Ол жаңашылдық, ортадан ерекшелену, бөлектену. Сол арқылы адам алдымен өзіне, кейін қоғамға зиянын тигізеді.

Жалпы дін жолындағы жанкүйерліктің де өзіндік нормасы бар.  Ал, оны асыра сілтеушілік – қоғамда іріткі тудыратын қатерлі құбылыс. Діни фанатизмнің мақсаты – «діннің әуелгі сипатын қайтарамыз» деген ұранмен қоғамда алауыздық тудыру және ұлттық дәстүр мен салт-сананы жоққа шығару. Олар өздері өмір сүріп жатқан зайырлы қоғамға қарсылық танытып, бойұсынбаудан,  діни мемлекет құруды мақсат етеді. Ислам ғалымдары мұндай типтегі жұмырбастыларды бірнеше топқа бөліп, қарастырады. Солардың бірі демонстративті тип. Бұл типтегі адамдар ел назарын өзіне аударуға тырысады. Асыл дінімізді құрал ретінде пайдаланады. Алайда, іс жүзінде оның негізгі талаптарына қайшы келетін іс-әрекет жасайды. Келесі шизоидті тип. Олар өз эмоциясы мен позициясын анық байқата бермейді. Дінге бет бұрған, әйтсе де тек өзіне ғана көңіл бөледі.  Өз әрекеттерінің төңіректегілерге қалай әсер ететінен бейхабар. Содан соң, елігуші тип. Олардың өзгелерден агрессия, бір беткей көзқарас пен реактивті әрекетке бейімділігімен ерекшеленеді. Соңғысы, кекшіл тип. Осы түрдегілердің әділдік турасында өз пайымдары бар. Өшпенділік, кекшілдікпен айқындалатын бұл тип – фанаттардың ең қауіпті түрі саналады. Облыстық “Шапағат” қоғамдық қорының теолог маманы Жасұлан Берікұлы: -«Қазақ халқы дінге деген байыпты ұстанымымен ерекшеленген халық. Біздің ұстанған жолымызда дін мен салт-сана өз үйлесімін тапқан. Қазіргі таңда өз идеясын абсолютті ақиқат ретінде санаушы дәстүрлі емес діни ағымдардың әсерінен  діни негізге бөлінушілік үдей түсуде. Мұндай ұғым тек адам баласына емес, толықтай бір мемлекетке өз зиянын тигізуі мүмкін. Бір адам осындай ұғымнын құрбаны болса, сол мемлекеттің болашағына қауіп төніп тұр деген сөз. Себебі әр жеке тұлға ең бірінші өз отбасына, қасындағы адамға үлгі, жол көрсетуші»,- деп діни фанатизмнің бұрыс насихат екенін айтып өті. Оның сөзінше «жанкүйерлердің»  өзіндік артықшылықтары бар.  Мысалы, олар киімдерімен де ортадан ерекшеленіп тұрады. Киім-кешекте балақтың тым қысқа болуы, толықтай қара жамылу, бетін никабпен жауып қоғамнан айрықшаланады. Дәрет алу барысында, шұлыққа мәсіх тартып өзгешеленеді.  Теолог маман қоғамда осылардың белең алып тұрғанына алаңдаушылық білдірді.  

Діннен адасудың соңы – пендені ата-анадан, туған бауырдан, отбасыдан айырады. Дін аясындағы қайшылық салдарынан отбасылық институт ыдырайды. Діни фанатизм – қоғамға түскен үлкен дақ. Ол біртұтас мемлекетке үлкен зиянын тигізеді. Ал мемлекет дегеніміз – сіз бен біз. Сол үшін, елімізде жат ағым мәселесі бойынша еңбек етіп, оңалту, алдын алу жұмыстарын жасап жатқан жандар өте көп. Солардың  бірі – “деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы – "Шапағат" қоғамдық қоры. Осы сынды республикамыздың басқа қалаларында да діни орталықтар өз жұмысын жасауда. Бәрінің мақсаты бір. Елдің тыныштығы, бірлігі мен ынтымақтастығы. Дінге бас ұрып, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Олардың арасында өзімізге зиян келтіретін дін ағымдары да бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, дәстүрлі дін жасаймыз деп жүргендер де кездеседі. Ал біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек.  Құрметті оқырман, Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесіп, бір-бірімізге жанымыз ашып, бауырмал болып, үлкенді сыйлап, кішіге ізет танытқанымыз абзал. Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы асыл дінімізді өркендеткеніміз жөн!

Жайдарлым Еркебұланқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT