ДІН МЕН ДӘСТҮР - халқымыздың рухани иммунитеті

(0 Votes)

Осындай тақырыппен аудандағы «Темірәлі» мешіті ауыл ақсақалдары мен округтердегі дін өкілдерінің басын біріктіріп, жастардың жат ағымдардың ықпалында кетуінің алдын алу және діни рәсімдер өткізуде ысырапшылдықты болдырмау бағытында пікір алмасу жиынын өткізді.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов жиналғандардан ашық әңгіме түріндегі басқосуда өз ойларын ортаға салып отыруды сұрады.

dini-zhinalys2

Алғаш сөз алған «Темірәлі» мешітінің найб-имамы Ерлан Коббулов ел арасында белең алып тұрған жат ағымдар туралы түсіндіріп өтті. – Сәләфизм немесе уахабизм мұсылман әлемінің барлығында дерлік пайда болып, көптеген мемлекеттерде түрлі бағыттарда бой көрсеткен ағым. Бүгінгі салафилерміз деп жүргендер Абу Ханипа салып кеткен мазхаб жолын мойындамайды, мазхаб имамдарының жолын ұстанбайды. Бастысы олар қазақы салт-дәстүрлерге түбегейлі қарсы. Олардың сөзіне сенсек, той жасауға болмайды, беташар деген дұрыс емес, жалпы алғанда ұлттық болмысқа тән қасиеттерді жоққа шығарып отырады. Мақсаты – жамағатын қоғамнан оқшаулап, өз мүддесіне пайдалануды ойластырады. Жат ағымдағылар айналаға аса байқатпағанымен өте ұйымшыл, қатарына тартудың насихат жолдарын жақсы меңгерген. Олардың арбауына кез келгеннің түсіп қалуы мүмкін. Жат пиғылдағылар көзі ашық, көкірегі ояу адамды арбай алмайды десек қатты қателесеміз. Діни ұйымның басты мақсаты - қоғамға іріткі салу, сол үшін дүрбелең туғызатын тобыр іздейді. Оның ішінде басқалар сенуі үшін сауаттылар міндетті түрде болуы керек. Осы себепті олар өзіне тартқан әрбір адамның психологиясымен әбден жұмыс жасайды. Қатарын көбейту мақсатында ағымға мүше атақты, бай адамдарды жарнамалайды. Оны көргендер бірден әлгі діни ұйымға бас ұрады. Одан басқа біреулерге материалдық жағдай жасалады, әке-шеше махаббатына сусап жүргендерге қамқоршы да бола кетеді. Әйтеуір олар қолданатын амалдар көп. Жат ағымдағыларды қалай ажыратуға болады деген сауалға келсек, біріншіден олар өздерін тым дөрекі ұстайды, намазға тұрғанда байқайтын шығарсыздар қусырған қолдарын көкіректеріне қояды, біздер болсақ кіндіктен төмен ұстаймыз. «Әмин» сөзін іштей емес, дауыстап айтады, дұға оқылып болған соң бет сипамайды. Кейінгі уақыттарда қулыққа басып дұрыс істегендей кейіп танытатындары бар, бірақ көңіл бөліп қараса жат әрекеттерді айқын аңғаруға болады, - деген найб-имам өскелең ұрпақтың жат ағымның жетегінде кетпеудің жолдарын ойластыруды жиналғандардан сұрады.

dini-zhinalys

Бұдан соң басқосу сұрақ-жауап бағытында жалғасты. Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов құрылысы біткен мешіт жанындағы медреседе болашақта жаңарған Қазақстанның мемлекеттік саясаты туралы дәріс оқыла ма деген сауалын қойды. Бұған найб-имам медреседе тек құран жаттау мен ислам тану ілімдері оқытылатынын айтқанымен, бұл ұсынысты мешіт басшылығына жеткізетінін уәде етті. Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов осындай теріс ойлыларға тыйым салатын мемлекеттік заңы қабылданбай тек үгіт-насихатпен, уағызбен, мүфтият ұсынып отырған көркем мінезбен белең алған жат ағымды ауыздықтау бекершілік деген ойын білдірді.

Жаңаталап ауылдық округінің дін уәкілі Елубай Хасанов ауданда Нұрлан Рамазанов имам болып тұрған тұста жат ағымдармен күрес пәрменді жүргізілгенін, кейінгі уақытта саябырсып кеткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, кешегі пандемияның уақытында діни рәсімдерді өткізуде босқа рәсуалықты болдырмау бағытында жақсы қалыптасып  келе жатқан үрдіс шектеулер алынғаннан кейін қайтадан ашылып-шашылуға жол беріле бастағанын баса айтты.

Нұржау ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Айжарық Сақташов  намаз оқу турасында студент баласымен болған арадағы әңгімені мысалға келтіріп,  әркім өз баласының болашағына алаңдап, теріс жолға түспеуіне жауапты екенін алға тартты. Ломоносов атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбаары Берік Анесов білім беру мекемелерінде оқушылармен дін мәселесінде жұмыс жүргізу тек теолог маманға ғана рұқсат берілетіндігін айтып, аталған маманның ауданда тапшылығынан барлық мектепті қамту мүмкін еместігін ескертті. Басқа да сөйлегендер көтерілген мәселеде мемлекеттік деңгейде шара алынбаса, тиесілі заң қабылданбаса болмайды деген тоқтамға келді.

Айбек НӘЖІМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT