Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII съезінің жұмысы басталды. Оның жұмысына әлемдік діндердің рухани лидерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы және қоғам қайраткерлері сияқты дүниежүзінің алпыстаған елінен 100-ден астам адамқатысып жатыр. «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» аталатын форумның секциялық отырыстар форматында бірқатар өзекті мәселе қаралады.
Қазақсан Президенті Қ.Тоқаев жалпы отырыста бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылауды ұсынды. - Рухани дипломатия әлеуетін халықаралық және өңірлік ұйымдар деңгейінде іске қосу маңызды деп санаймыз. Съезд аясында бұған дейін мен жария еткен бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылауды ұсынамын. Діни иерархиялар зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бейбіт шешімдерді іздеуге бағытталған бейтарап әрі саясаттандырылмаған үндеуімен осы қозғалыстың моральдық өзегіне айнала алар еді. Өмір қасиеті, жанашырлық пен мейірімділік сияқты ортақ адамзаттық құндылықтарға негізделген бұл бастама тек кең ауқымды діндар қауымды ғана емес, сонымен қатар саясаткерлерді, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, мемлекеттік құрылымдарды, сарапшыларды және, әрине, жастарды да біріктіре алар еді, - деп бейбітшілікті қорғау жолында анағұрлым табанды болу қажеттігін, ал мұндай басқосу алаңдары осыған ықпал етуі тиістігін баса айтты.
Сондай-ақ, күні кешелері ғана «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жария еткен Қазақстан Президенті жиында жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды да ұсыныс етті. — Біз жасанды интеллект дамуынан елдердің қарқынды прогресі үшін жақсы мүмкіндіктер көріп отырмыз. Дегенмен, әдеп нормаларын сақтаудың айрықша маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл саладағы жан-жақты ынтымақтастыққа ашықпыз. Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын, — деп аталған комиссия нейрожелілер мен өзге де серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттары жинағын әзірлеумен айналысса деген ойын айтты.
Балғаным Хасенова,
Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрайымы