Күні кеше ғана Парламент мәжілісі отырысында республиканың бас прокуроры Б.Асылов қаңтар оқиғасы жайлы егжей-тегжейлі түсінік берді.
Онымен келісетін тұстарымыз көп-ақ. Алайда былтырғы қаңтардағы қайғылы жағдай неге орын алды деген сауалға толыққанды жауап берілді деп ойламаймын.
Өйткені қоғамдағы наразылық көңіл күй бір күнде пайда болған үдеріс емес. Ол жылдан жылға қатпарланып жеткен жанды мәселе. Менің ойымша, оның басты себебі - әділетсіздік. Мемлекеттік билікте бір адамның ұзақ мерзімді мен экономикадағы олигархиялық топтардың монополиясы және олармен сыбайласқандарға қарсы әрекет болды. Қазақстанда Президент ауысқанымен, оның жұмыс істеуіне кедергі келтіретін топтардың ымыраласу әрекеттерін көзі ашық қоғам түсінді. Осы топтар қоғамдық наразылықтың өзін өз пайдаларына шешкісі келіп, соған итермеледі. Елді жайлаған қымбатшылық пен әлеуметтік теңсіздікке халық ашынатынын, қандайма наразылықтарға баратынын жақсы білді.
Сұйық газ бағасын көтеру арқылы Маңғыстағы қызба мінез ағайындарды пайдалану жақсы ойластырылды. Бұл қордаланған жағдайға от қояр шырпы болды. Өкініштісі, қарапайым халықтың қосақ арасында кеткені, әбден ойластырылған саяси ойынның құрбаны болғаны. Билікке келгісі немесе қайта оралғысы келген топтың мақсаты халықтың жағдайын жақсарту емес, қайтадан билікке ие болу еді. Бейбіт митингілерді ондай топтар жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Қарапайым адамдардың көшеге шығуына әсер етіп, солардың қолымен от күреуге кірісті.
Қысылтаң кезде Мемлекет басшысымен өте дұрыс шешім қабылданды. Ең бастысы ол билікті тастамай, мемлекетті сақтап қалу қадамына барды. Осы тұста өз басым мемлекеттің дамуы үшін тұрақтылықтың маңызды екенін түсіндім. Ал тұрақтылық негізі ашық саясат, бәсекелес экономика, әділетті әлеуметтік жағдай. Мемлекеттік билік үшін Ата заңымызда жазылған демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті шынайы түрде орнатуымыз қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолда реформалар қажеттігін айтып, бірқатарын жүзеге асырып үлгерді. Ол бастама етіп көтерген әділетті Қазақстанды құру жолында қоғам, халық болып бірлесе атсалысуымыз қажет.
Қадірбай ЖАРМҰХАМБЕТОВ,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы