Ділдә Апаның Ғибраты

(0 Votes)

Халқына Иманғалидай ұлды сыйлаған Ділдә анамыз өмірден өтті. Иманды болсын!

Ділдә апамыз кітапжанды адам табиғатынан! Атырауда болғанымда, Ділдә апайға амандаса барғанда көргенім, айналасы толған кітап екен. Бұрында оқып отыратынын көретінмін. Таңдап, талғап оқитын оқырманның тап өзі ғой біздің Ділдә апамыз!

«Ана кітапта былай деп жазыпты, мына кітапты жаңа тауыстым, тамаша әсер алдым» деп әсерлі әңгімесін айтып отырады. Ділдә апайдың өзі де қолына қалам алып, естеліктері мен өмірдеректері туралы кітап жазып, оқырмандарды бір ойландырып, жылы ықыласқа бөлеп қойып еді. Әсіресе, ол кісінің ертегілері балалар жанына жақын болғандықтан, бұл күнде кішкентай бөбектердің сүйікті кітабына айналды.

«Қарттық келді, уақыт ұзарды, таңертеңнен кешке дейін кітап оқумен өткіземін уақытты. Бұрын оқыған кітаптарымды қазір қайталап оқып жатырмын. Сенің «Шырақ» деген кітабыңды да жақында тағы бір қарап оқып шықтым. Жаман қыз, сенің жазғандарың ұнайды, жүрекке жетеді, ойды қозғайды» деп маған жақсы пікірін де білдіріп қойды әңгіме арасында. «Жаман қыз дегенім – сені жақсы көргенім» деді сосын. Әрбір сөзі мақалдай мағыналы, батадай салмақты Ділдә апам «Атырау» газетінің де тұрақты оқырманы екен.

«Облыс, ел жаңалықтарын оқып қанаттанып отырамын» деп газет тарапына да ықыласты көңілін жеткізді. Кеудесі толы жыр-қазына, сөз мәйегін тауып сөйлейтін Ділдә апайдың кейінгіге айтар ғибраты: «Айналайындар, кітап оқыңдар! Білім де, жарық та кітапта. Кітап оқымағанның ойы жұқарады, кеудесін ыс басады». Ділдә апаймен болған аз уақыттың ішінде көңілім көтеріліп, жақсы сөздерін естіп, бір демалып қалдым. Апа, аман жүр. Сенің асыл өсиетің кейінгілерге қымбат-ау!

Маржан ЕРШУ,

ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты,

Астана

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521