Мәжілістің жалпы отырысында Құрманғазы ауданының жол мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолданды.
⠀
Мемлекет басшысы өз Жолдауында автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру, 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі индикаторлық көрсеткіштерін 95% дейін жеткізуді тапсырған болатын.
⠀
Десек те, Ресеймен шекаралас экономикалық-инвестициялық потенциалы жоғары Құрманғазы ауданындағы жол мәселесі – әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Құрманғазы ауданында облыстық маңызы бар жолдардың 67%, аудандық маңызы бар жолдардың 48%, ауылішілік жолдардың 28% ғана асфальтталған.
⠀
Облыстық маңызы бар «7 разъезд – Асан – Балқұдық – Сүйіндік» бағытындағы жалпы ұзындығы 282 шақырымға тас жол салу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
⠀
Тамыз айында Құрманғазы ауданына іссапармен барып, шалғайдағы Балқұдық, Сүйіндік, Асан ауылдарының халқымен кездесіп, оларды толғандырған мәселелермен етене танысып, көзбен көріп қайтқан болатынмын. Сол кездесулерде айтылған Азғыр өңірінің, жалпы Құрманғазы ауданының жол мәселесін бүгін Көлік министрлігіне жолдаған депутаттық сауалда толық қамтуға тырыстым.
Әділ Жұбанов,
ҚР Мәжіліс депутаты